Қостанай облысында қылмыстық әрекеттің жолы кесілді

Қостанай облысында криптовалюта айырбастау пункттері арқылы аса ірі мөлшерде табыс табуды көздеген азаматтардың қылмыстық әрекеті әшкере болды.

Олар Астана халықаралық қаржы орталығының алаңынан тыс цифрлық активтермен байланысты тыйым салынған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған көрінеді. Алайда, қолға алған іс-жоспарлары нәтиже бермеді. Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті заңсыз әрекеттің жолын кесті. Жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде алты мекенжай бойынша тінту жүргізіліп, криптовалюта айырбастау пункттерінің ұйымдастырушыларын әшкерелейтін заттар табылды. Атап айтқанда, ноутбуктер, ұялы телефондар, банктік және бухгалтерлік құжаттар, сондай-ақ өзге де айғақтар тәркіленді.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Binance платформасында екі крипто-әмиянда 6 000 АҚШ доллары көлеміндегі криптоактивтер анықталып, оларға уақытша шектеулер орнатылды. Басқа криптобиржаларда орналасқан тағы 200 000 доллардан астам криптоактивтер табылды. Сотқа дейінгі тергеу-тексеру жалғасуда.