Қостанайда жарылысқа қатысты қылмыстық іс қаралды

Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінің бұрынғы директоры 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң бұзу және оқ-дәрілерді дұрыс сақтамау деген айып тағылып отыр.

Еске сала кетейік, былтыр қыркүйек айында қару дүкенінің жертөлесінде 40 келі оқ-дәрі жарылып, ғимаратпен қоса жақын маңайдағы үйлер опырылып түскен. Оқыс оқиға салдарынан дүкеннің төрт қызметкері сол жерде көз жұмды. Тағы 6 адам түрлі дене жарақатын алды. Келтірілген материалдық шығын 395 млн теңгеге жуықтайды. Жалпы осы іс бойынша 20 жәбірленуші бар. Айыптау актісін оқыған прокурор алапат өртке кәсіпкердің салғырттығы себеп болғанын атап өтті. Бірақ ол өз кінәсін толық мойындаған жоқ. Сот енді жәбірленушілерді, куәгерлер мен сотталушыны тергеу алады.  

Мәриям Сүлейменова, облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры:

- Сергей Бескровный оқ-дәріні 36 градус ыстықта қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзып, Қостанай қаласына әкелген. Сөйтіп, оны дүкеннің жертөлесінде сақтаған. Бұл ғимараттың қирауына, өрттің тұтануына негіз болды. Осылайша, ол Қылмыстық кодекстің 292-бабы, 2-ші бөлімі бойынша айыпты деп танылды.