Таразда сәби саудалағандар ұсталды

Таразда жаңа туған сәбиді саудалаған 2 медицина қызметкері ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Прокуратураның мәліметінше, 35 жастағы келіншек 4 қаңтарда босанған. Одан соң аурухана қызметкерлеріне материалдық жағдайының төмендігіне байланысты нәрестені балалар үйіне беретінін айтқан. Жағдайды оңтайлы пайдаланған 2 акушер балалы бола алмай жүрген 39 жастағы әйелді алдын ала тапқан. Оған сәбиді 1,5 млн теңгеге сатып жіберген. Алдын ала дерекке сүйенсек, шақалақ 1 апта бойы жалдамалы пәтерде сатып алушымен тұрған. Құжаттарды реттеу барысында адам саудалағандар ұсталды. Енді медицина қызметкерлері 9 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Жамбыл Сматов, Тараз қаласының прокуроры:

- Кәмелетке толмағанды сату дерегі бойынша Қылмыстық Кодекстің 135-бабымен сотқа дейінгі тергеп тексеру тіркеліп, 2 медицина қызметкері уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Қазіргі таңда нәресте балалар үйіне орналастырылған, жағдайы тұрақты. Қылмыстық істің тергелуі прокуратураның бақылауында. Сатқан да, сатып алған да және ортасында болған делдалдар барлығы жауапқа тартылады.