Маңғыстау облысында жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүріп жатыр

Мәселен, Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақта 1 мыңнан аса жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі қолға бір күрек іздеген тұрғындарға жұмыспен қамту орталығына барып, жолдама алуы керек. Олардың алды былтыр ашылған кәсіпорынға орналасып, заманауи үлгідегі қондырғыларды басқаруды меңгеріп алған. Алатын айлығы да жоғары. Аймақта қазір 20 өндіріс орны жұмыс істеп тұр.   

Айтуған Әбдіжәмиева бұл кәсіпорынға былтыр кіргенін айтады. Өзі секілді жолдамамен тағы бірнеше әйел орналасқан. Олар бастапқыда еден жуушы, қара жұмысшы болып жасайды. Көп ұзамай шетелдік үлгідегі станоктарды басқаруды үйренеді.

Айтуған Әбдіжәмиева, тоқу цехының операторы:

- Автоматиканы үйреніп, емтиханымызды тапсырдық. Оператор болып қазір жұмыс істеп жатырмыз. Жұмысымыз ондай қиын емес. Айлығымыз 130 мың, өзімізге жарайды енді.

Ерекше құрылыс материалын шығаратын өндіріс орны өңірде бұрын болған емес. Жоғары температураға шыдас беруіне орай отандық өнімге сұраныс жоғары. 20 жылда арнайы экономикалық аймақта инновациялық өнімдер әзірленетін бірнеше зауыт іске қосылды. Маңғыстауда жасалатын металл құрылымдар мен шыныталшықты құбырлар автомобиль және теміржол арқылы басқа өңірлерге жеткізіліп жатыр.

Асхат Қабашев, арнайы экономикалық аймақтың басқарма төрағасы:

- Жалпы алғанда бізде 1300-ден аса жұмыс орны құрылды. Оларды жұмыспен қамту орталығы жіберген. Әрқайсы өзі орналасқан өндіріс орнында біліктілігін арттырады әрі айлық алады. Қажетінше жұмыс беруші жекелеген мамандықтар бойынша шетелде оқытып жатыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Арнайы экономикалық аймақта биыл аммиак-карбамидті кешен құрылысын бастау үшін тараптар келісімшартқа қол қойды. Осы мақсатта 1 млрд АҚШ долларына тең инвестиция салынады. Жоба 2026 жылы толықтай жүзеге асуы тиіс. Зауытты тұрғызу үшін 1,5 мың жұмысшы қажет болады. Ал ашылған соң 800 жұмыс орны құрылады. Бұл кәсіпорын отандық химия өнеркәсібіне білікті кадрларды дайындайтын «ұстаханаға» айналмақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.