Шымкентте дәрігерлердің жалақысы өсті

Шымкентте 5 мыңға жуық медицина қызметкерінің жалақысы өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ақхалатты абзал жандардың табысы 30%-ке көбейген. Қазір мегаполистегі дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен алғанда 390 мың теңгені құрап отыр. Жалақы қызметкердің еңбек өтілі мен санатына және біліктілігіне байланысты артқан. Бұдан бөлек 11 мыңға жуық орта буынды медицина қызметкері мен қызмет көрсету саласында еңбек ететін жұмысшылардың да еңбекақысы 20%-ке өскен. Сондай-ақ биыл Шымкентте тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бюджеттен 109 млрд теңге бөлініп отыр.

Нұрлыбек Асылбеков, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Осы қаңтар айының ішінде қосымша қаражаттан жалақы көтеріледі, төлеп бітпеген жағдайда ол ендігі айларда соның индексациясы болып төленеді деп сеніп отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігімен профильді кәсіподақ, ұйымдар арасында меморандум құрылған, соған сәйкес жалақыны көтеруге болады деп отырмыз.