ШҚО-дағы Жаңа Бұқтырма кенті өлкедегі бірегей туристік орталыққа айналады

Бүгінгі күні өңір басшылығы осындай ерекше жобаны қолға алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, осыған дейін көбінесе Алакөлге айырықша көңіл бөлініп келген еді. Алайда ол енді Абай облысының еншісінде. Сондықтан табиғаты еш жерден кем түспейтін Бұқтырма су қоймасын бірталай өзгерістер күтіп тұр.

Алакөл Абай облысының қарамағында қалғандықтан, енді Шығыс Қазақстанда Бұқтырманың бағы жанбақ. Әсіресе Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кенті адам танымастай өзгереді, - дейді мамандар. Өйткені дәл осы маңда 100-ге жуық демалыс орны бар.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қазір мына жерде Бұқтырма қайсы, қар қайсы ажырату қиын, дегенмен біз, міне, Бұқтырма су қоймасының бойында тұрмыз. Жазда мамандар дәл осы жағалау мыңдаған турист шоғырланатын мықты демалыс базасына айналады деп отыр. Яғни, осы жердегі жағажай толық жабдықталатын болады.

Бұқтырма бұрыннан тартымды. Қарағайлы орманның қойнауында тұр. Балық аулауға да, шомылуға да жайлы. Тұмса табиғаты қыста аппақ қар басып, тіпті ажарланады. Яғни, жыл бойы демалыс шарасын ұйымдастыруға ыңғайлы.

Арман Асқатов, Алтай ауданы спорт және туризм бөлімінің басшысы:

- Алдымен кенттің орталық көшелері толық абаттандырылады. Саябақтар, ойын-сауық орындары, спортық нысандар барлығы жаңа келбетке ие болады. Тіпті Арбат құрылысын бастау жоспары бар.Себебі ондай мәдени орын қалашықта бұрын-соңды болмаған.

Демалыс базаларына апаратын негізгі жолдың көпшілігі осы кент ішімен өтеді. Сондықтан туристерге алғаш әсер қалдыратын  орын да – осы. Орталықта Абай көшесіндегі көше шамдары толық ауысады. Осыған дейін болмаған субұрқақтары салынып, концерттік зона да бой көтереді. Бұл әсіресе тұрғындарды қуантып отыр.

Эльмира Мырзабаева, кент тұрғыны:

- Субұрқақ, мәдени орындар көбейіп, гүлзарлар салынып, кентіміз де дұрысталады деп ойлаймын.

Айтпақшы, Алакөлге қарағанда Бұқтырманың бір озатын тұсы – жол қатынасы. Су қоймасына жету жеңіл. Өскемен мен Алтай қаласының арасында тұр. Облыс орталығынан 1,5-2 сағаттық жерде. Ал жазда әйгілі серпантинді айналып өтетін жол құрылысын аяқтау көзделіп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.

Сондай-ақ...