Астанада өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті

Өңірлік БАҚ мәселелерін жақсарту үшін жауапты министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек. Өңірлік мерзімді басылымдар форумында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов осылай деді.

Ол министрлікке аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ қазақстандық медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Бүгінде ел бойынша 5 мыңнан аса БАҚ тіркелген. Оның 70%-ін баспа мен басылым Құрайды.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Баспасөз басылымдар тарихымыз бен мәдениетімізді, рухани ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші негізгі ақпарат құралы болып отырғаны сөзсіз. Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет –халықтың көзі, құлағы, һәм тілі»  деген даналық әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оған дәлел ретінде баспасөз басылымдарын жыл санап көбейіп келе жатқаның айтуымызға болады. 

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелері қайта қарастырылып жатқанын айтты. Сала басшысы еліміздегі БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдету көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл өңірлік басылымдарға жаңа серпін береді. Алқалы жиынға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам сала маманы қатысып, мерзімді басылымдардың хал-ахуалын талдап, бағыт-бағдарын саралады.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі. Сайттары жоқ кейбір аудандық газеттердің сайттарын жасап беруге біз қолдау көрсетеміз. Өңірлік газет-журнал қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау мақсатында жақында ғана қайта құрылған Қазақ газеттерінде және Қазконтентте тәжірибе алмасу жобасы іске қосылады. Жыл бойы баспа басылымдарының өкілдері Егемен Қазақстан және Казахстанская правда сияқты іргелі басылымдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады.