2040 жылы Алматы қала халқының саны 3 млн-ға жетеді

2040 жылға қарай Алматы тұрғындарының саны 3 миллион адамға жетуі мүмкін. Мамандар осындай болжам жасап отыр.

Демек тиісті инфрақұрылымды да дамыту қажет. Сол себепті бүгін Алматының 2040 жылға дейінгі бас жоспарын қоғамдық талқылау басталды. Қазіргі құжат 2002 жылы бекітілгендіктен, өзгерісті талап етеді. Содан бері қала аумағы 34 мың гектардан 70 мың гектарға дейін, яғни 2 есеге өсіпті. Халық саны болса 2,1 млн адамнан асты. Мұндай агломерация нәтижесінде бас жоспар қайта дайындалған. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының қарқыны артпақ. Жаңа бас жоспар бойынша 2040 жылға дейін 45,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Экологияғада ерекше көңіл бөлініп отыр. Түтінге тұншыққан шаһардың ауасын тазартудың бір жолы – жеке көліктердің ағынын шектеу. Ол үшін жылдам немесе жеңіл рельсті қоғамдық көлік пайдалунға беріліп, метро ұзартылады. Қоғамдық талқылау әлі бірнеше күнге жалғасады.

Жанат Айтілеу, Алматы бас жоспары институтының бөлім басшысы:

- Қазір қаланың барлық күші негізінен сол қалаға жаңадан қосылған аймақтарда құрылыстар жүргізуге арналған. Өйткені ол жерлерде мектептер жетіспейді, балабақшалар жетіспейді, ауруханалар жетіспейді, ауыз суы да ол жақтарда жеткіліксіз. Сондықтан қазір ірі-ірі құрылыстардың бәрі сол Алматы қаласына қосылған аумақтарда жүргізіліп жатыр.