Қарағанды облысында 92 медициналық пункт салынады

Биыл Қарағанды облысында алғашқы медициналық көмек көрсететін 42 бөлімше пайдалануға беріледі. Өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі осындай жаңалықпен бөлісті.

Жаңа нысандардың 17-сі Қарқаралы, 21-і Шет ауданындағы ауылдарда бой көтереді. Қалғаны – өзге елді мекендердің еншісінде. Ауыл мен қаланың денсаулық сақтау саласындағы алшақтығын қысқарту үшін алдағы уақытта өңірде 92 нысан салынады. Осылайша, бірқатар елді мекендер медициналық инфрақұрылыммен қамтылады. Бұдан өзге, облыста былтыр 8 ірі емхана ашылған болса, биыл тағы 4 емхана ел игілігіне беріледі. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне де өзгеріс енгізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бұдан басқа, биыл халық талап ететін медициналық талапты қашықтықтан көрсету бойынша жұмыс күшейтіліп жатыр. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту үшін дәрінің түрлерін қайта қарайтын боламыз және қамтитын халық саны артады. Мысалы МӘМС жүйесіндегі дәрі-дәрмек қайта қаралып, халық сұрайтын дәріні арттыруды көздеп отырмыз.