Жамбыл облысында қылмысқа қарсы жоба таныстырылды

Жамбыл облысында «Есірткі қылмысына қарсы күрес» республикалық жобасы таныстырылды. Кеңейтілген кеңесте өңірдің құқық қорғау қызметкерлері «есірткі қылмысын қалай жоямыз?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Жамбыл облысында 2022 жылы есірткі сату мен сақтауға байланысты 640 дерек анықталды. Жалпы облыс аумағының 238 гектарнына жабайы қарасора қаулаған. Басым бөлігі Шу ауданына тиесілі. Оны жою мақсатында өткен жылы 125 тоннасы өртелді. Қылмысқа қарсы жұмыстар жүргізілгенімен, есірткі сатып есіргендерге тоқтау болмай тұр.

Нұржан Рахметуллаев, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Былтыр 142 адам есірткіні сатқаны үшін, 65 тұрғын аса ірі көлемде сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Онымен қоса заңсыз айналымнан 3,5 тоннадан аса есірткі заттары тәркіленді. Ал Шу ауданында героин сақтап, ұзақ уақыт бойы сатып келген 2 топ ұсталды. 10-нан аса қылмыстық іс қозғалды.

Есірткі қылмысының алдын алу мақсатында құқық қорғау мен жергілікті атқарушы органдардың біріккен жиыны өтті. Осы бағыттағы қылмысқа қарсы республикалық жоба таныстырылды. Алдағы уақытқа бірлескен жұмыс жоспары бекітіліп, орындалуын прокуратура қадағалайтын болды.

Мұрат Садықов, облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры:

- Аталған жобаның басты мақсаттары – өңірдегі есірткі қылмыстарының алдын алу, жабайы қарасораның жетілу кезеңіне дейін жою. Яғни, шабу өртеу химиялық араласу жұмыстарының тиімділігін арттыру. Трансшекаралық және шекаралық ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және ыдырату. Өнеркәсіптік немесе медицианалық мақсаттарда жабайы қарасораны қайта өңдеу бойынша озық технологияларды енгізу.

Келелі кеңесте еліміз бойынша биылдан бастап азаптау дерегіне байланысты істерді тек прокуратура тергейтіндігі де айтылды. Жалпы өңірде өткен жылы осы іске қатысты 58 шағым тіркелген. Оның 37-сі полиция қызметкерімен байланысты. 

Сержан Әбдіқұлов, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Шақыруға келген күдіктілер болсын, басқа тұлғалар болсын, олардың заңда көрсетілген уақытта жауап беруі және полиция қызметкерінің жауап алуы. Одан бөлек, азаптау іс-әрекеттерін оларға қарсы жүргізбеу. Ол үшін полиция бөлімдерінің ішіне, көзге көрінбейтін жерлердің бәріне арнайы камералар қойылды.

Тергеу процесін бақылау үшін облыстың полиция бөлімдерінде 1891 бейнекамера орнатылған. Прокурорлар бұл тергеудің ашықтығын қамтамасыз етеді дейді. 

Авторлары: Мерей Бает Бақытжан Бапаев Руслан Ахатіллә.