Алматыдағы Сайран көлінің ұлтаны тазартылады

Ақпан айында Алматыдағы Сайран көлінің ұлтанын шөгінділерден тазарту жұмыстары басталады.

Одан кейін көлдің аумағы қайта жаңғыртудан өтіп абаттандырылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты. Көлдің аумағы 50 гектар. Су қоймасы 1971 жылы салынған. Содан бері мұнда ауқымды жөндеу жұмыстар жүргізілмеген.

Еске сала кетейік, былтыр жаз мезгілінде  Сайраннан ішек таяқшасы анықталып, көл құрғатылған еді. Мамандардың айтуынша, түбі түгелдей тазартылса, мұндай жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. 

Ерболат Досаев, қала әкімі:

- Механикалық тазарту жұмыстарын көздеп отырмыз. Бұл жұмыстарды мамыр айының соңына дейін аяқтау көзделген. Биыл наурыз айында жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама шыққаннан кейін, 2023 жылдың III-ші тоқсанында конкурстық рәсімдер аяқталған соң «Сайран» көлінің аумағын реконструкциялауды және абаттандыруды бастаймыз. Ендігі жылдың соңына дейін бітіреміз.

Сондай-ақ, кездесуде тұрғындар  қала тарихын сақтап қалуға қатысты мәселе көтерді. Шаһар басшысының пікірінше,  тұрғын үйлер мен ғимараттардың бұрынғы сәулеттік келбеті барынша сақталады. Бірақ  нысандардың ескіруіне байланысты күрделі жөндеуден өтеді. Себебі өткен ғасырдың 40-шы, 60-шы жылдары салынған үйлердің тұрғындары да қазіргі заманның игілігін көруге тиіс.