Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайға байланысты облыстық комиссия тексеріс жүргізіп, нәтижесін жариялады.
Білікті мамандар мен тәуелсіз сарапшылардан құрылған топ кәсіпорындағы қысым манометрінің дұрыс көрсетілмеуіне байланысты сорғылардың қате қосылғанын анықтаған. Осыдан кейін «Екібастұзэнерго» ұйымына 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
Еске салайық, өткен жылдың соңында кеншілер мен энергетиктер қаласында коммуналдық апат болды. Соның салдарынан ондаған көпқабатты үй мен әлеуметтік нысан жылусыз қалған еді.
Ринат Кәкімжанов, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті облыстық департаментінің басшысы:
- Тексерістен соң жоспардан тыс тағы бір тексеру жүргізілді. Бірқатар олқылық анықталып, жазбаша ескерту жасалды. Ескертулер электр станциясындағы құралдарды техникалық пайдалануды сақтау, оперативті тәртіпті сақтауға қатысты. Сонымен қатар, әкімшілік айыппұл салынған.
