Қарағандылық белсенділер шабылған әр талдың орнына өтемақы ретінде 50 ағаш егуді талап етіп отыр

Қарағандылық жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің белсенділері қаланың оңтүстік шығысында шабылған әр талдың орнына өтемақы ретінде 50 ағаш егуді талап етіп отыр. 

Естеріңізде болса, өткен аптада құрылыс компания өкілдерінің бірі үй саламыз деген желеумен 40-түп ағашты жұлып алып, тиісті нормаларды сақтамастан қаланың шетіне егіп тастаған еді. Белсенділер салғырт жасалған жұмыс салдарынан аталған ағаштардың барлығы өспей қаларына сенімді. Сондықтан қала әкіміне құрылыс компания өкілін заңға сай әр талдың орнына 50 тал егуді міндеттеуді сұраған. Ал полиция болса аталған оқиға байланысты іс қозғап, тергеу амалдарын бастағаны жайлы айтқанбыз. Атап өткен жөн, ағаштарды заңсыз отағандарға  қатысты жарты млн теңгеге дейін айыппұл салынады немесе мүлкі тәркіленіп, 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. 

Марат Түсіпов, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Қылмыстық істер қозғалады, содан кейін тоқтап қалады. Негізі бұны аяғына дейін жеткізіп, компенсациялық отырғызуды соңына дейін жеткізу керек. Сонда бір заңсыз құртылған ағаштың орнына 50 ағаш егілуі тиіс. Мына жерде көріп тұрсыздар заң бұзушылық тікелей. 40-тан астам ағашты осы жерге отырғызған. Бірақ технологияны қадағаламаған өсер-өспесін осы көктемде көресіздер.