Ұсақ бұзақылық үшін айыппұлды қоғамдық жұмыстармен алмастыруы мүмкін

Қазір бұзақыларға 5 айлық есептік көрсеткіш түрінде жаза қолданылады, ал Әділет министрлігі аталған жазаны 41 сағат қоғамдық жұмысқа тартумен ауыстыру керек деген ұсыныс айтты.

Мәжбүрлі еңбекке тарту жүкті және 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге қолданылмайды. Зейнет жасынан асқан азаматтар, бірінші және екінші топ мүгедектігі бар адамдар мен әскери қызметшілер де бұл жазаға тартылмайды. Бұл туралы Әкімшілік заңнаманы жетілдіру тәсілдері туралы баяндаған Әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты. Ол қоғамдық жұмыстарды әкімшілік жазаның негізгі түрі ретінде белгілеп, тәртіп бұзғандарға 10-нан 150 сағатқа дейін осындай жаза қолдануды ұсынды.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:

- Қоғамдық жұмыстар қоғамдық пайдалы еңбек. Мәжбүрлі еңбекті қолдану мен ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдарына жүктеу ұсынады. Ішкі істер органдарының функцияларына құқық бұзушылықтардың есебін жүргізу, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылау, бұзушымен профилактикалық жұмыс жүзеге асыру құқығын беру ұсынылып жатыр.