Алматы облысында жаңа үйлер салынады

Алматы облысының Балқаш ауданында құрылыс қарқын алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 5 жылда аудан орталығында жаңа үйлер салынып, жүздеген адам қоныс тойын тойлады. Баспана құрылысы биыл да жалғасады.

Бірнеше жыл баспана кезегінде тұрған Эльмира Садуақас жаңа жылды жаңа үйде қарсы алды. Бұған дейін 2 бөлмелі ескі үйде тұрып келген еді. Эльмира бойжеткен шағында жол апатына ұшырап, денсаулығынан айырылады. Содан бері ағзасын оңалту, аурудан жазылу жолында күресумен келеді. Аға-жеңгесімен бірге тұрады. Жайлы үйге көшіп келгеніне қуанышты.

Эльмира Садуақас, ауыл тұрғыны:

- Жақсы. Жаңа үйдің аты жаңа үй ғой енді. Осы үйден жазылып шығамын. Әйбат боламын.

Бұл жалдамалы үйлер мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойыныша салынды. 20 үйді салуға бюджеттен 445 млн теңге қаражат бөлінген. Қыстың суығына қарамастан үй салу жұмысы жалғасып жатыр. Қазір құрылысшылар 30 үйдің қабырғасын қалауды бастады. «Материал жеткілікті. Көктем-жаз айларында 100-ден астам адамды жұмысқа тартамыз», - дейді компания өкілдері.

Бақанастың орталығында 5 қабатты, 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Нысанды салуға бюджеттен 625 млн теңге қаражат қарастырылған. «2 және 3 бөлмелі пәтерлер бюджеттік сала қызметкерлеріне, көпбалалы аналарға, әлеуметтік осал топқа жататын жанұяларға беріледі», - дейді мамандар.

Нұржан Сағат, Балқаш аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:

- 2022 жылы 1400 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Ал 2023 жылы 4 680 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беру жоспарда.

Жыл сайын Балқаш ауданында жаңа үйлер салынады. Сұраныс бар. Өйткені қаладан ауылға қайтқан жастар көп.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.