Үкімет басшысы Шымкентке сапармен барды

Шымкентке жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Әлихан Смайылов қалалық әуежайдың жай-күйімен танысып, жаңа терминал құрылысын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ қаладағы ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, шыны өңдейтін және әйнек конструкцияларын шығаратын жаңа зауыттың ашылуына қатысты. Шымкентте 300-ден астам өндіріс ошағы сыйып кеткен 5 индустриалдық аймақ жұмыс істеп тұр. Онда қазір бос орын жоқ. Сол себепті бизнесті өркендетуге арналған тағы осындай 5 аймақ құру туралы шешім қабылданды. Оның жалпы аумағы 867 гектар болады.

Әлихан Смайылов, Қр Премьер-Министрі:

- Жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Былтыр біз 150 жаңа индустриалдық жобаны іске асырдық. Олардың көлемі 2 трлн теңгені құрады. Биыл да біздің жоспарымызда бұдан да төмен емес, жоғары жоспарларымыз бар. Жоспарымыздың бірі – бүгінгі ашылып жатқан кәсіпорын. Бұл жаңа жобаға 5,8 млрд теңге инвестиция салынды.