Түркістан облысында көктемгі су тасқынына дайындық басталды

Биыл оңтүстіктегі таулы аудандарда қар қалың түсіп, аяз ұзақ сақталды. Соның салдарынан жерге тоң ерте түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Егер күн күрт жылынып, толассыз жаңбыр жауған жағдайда қауіптің болуы мүмкін», - дейді жауаптылар. Сондықтан Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті билік бірлесіп, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Қауіптің алдын алу мақсатында өңірдегі өзен-көлдер мен каналдардың табанын тереңдетіп, жағасын бекітуге кірісті. Арық-атыздар қоқыстан тазаланып, арналары ашылуда. Себебі облыс аумағында 41 су қоймасы мен 12 су торабы және 120 өзен орналасқан. Олардың көпшілігінде мұз қатты. Олардың еру кезінде қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қазір құтқарушылар өңірдегі басты мәселе Өзбекстан Республикасынан келіп жатқан Сырдария өзеніндегі суды қауіпсіз өткізу екенін айтады.

Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда Өзбекстан аумағынан 1600 текше метр су келуіне байланысты Шардара су қоймасы толуға жақын. Сонымен қатар Көксарай су қоймасында да 1 млрд текше метрден көп су жиналған. Осыған байланысты Сырдария өзеніндегі суды қауіпсіз өткізу іс-шаралары күнделікті маниторинг жүргізілуде. Департамент пен жергілікті атқарушы органдардың күш-құралдары мен техникалары дайындыққа келтірілді.