ШҚО-да коммуналдық саланың жұмысы ауырлады

Ел шығысында биыл қар қалың. Тіпті 1 аптаның ішінде ақ ұлпаның 2 айлық мөлшері  жауып тастаған кездер болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе шалғайдағы Қатонқарағай, Алтай аудандарында қар түспеген күндер аз. Сондықтан мұндағы коммуналдық саланың жұмысы ауырлады. Қазір көшелерді қардан тазалау жұмыстары тәуліктеп жүргізіледі. Мамандар қарғын судың алдын алу үшін күн-түн демей, еңбек етіп жатыр.

Кешқұрым ел жұмысынан үйіне қайтып жатса, Алтай қаласындағы коммуналдық мекемелерде нағыз қарбалас басталады. Инженер Әнуарбек Әлмұқанов шаһарды қардан тазарту шаруаларын шашау шығармай ұйымдастыруға жауапты. Өйткені қар қалың, қалғитын кез емес, - дейді ол. Мына ақ ұлпа аяқ асты ерісе, ешкімге оңай тимейді. Демек жүйелі әрі жинақы жұмыс істейтін уақыт.

Әнуарбек Әлмұқанов, «Зырян – Тәртіп» мекемесінің инженері:

- 1 күнде ең көп жауған. Күнімен, түнімен жауған қар биіктігі 60-70 см-ге дейін барды. Сондықтан, өзіңіз ойлаңыз, енді 1,5 ай ішінде қаншама қар түсті.

Қарды тәуліктеп тазалауға Алтайдың өз басында 80-нен астам техника мен 160 адам жұмылдырылған. Мына тіркемелі көлік күніне 25 рейс жасайды. Әйтпегенде, омбы қардан қалада көліктің де, адамның да жүруі қиынға соғар еді.

Медет Сахариев, Алтай ауданы әкімінің орынбасары:

- Біздің әр ауданда, әр ауылда мердігер ұйымдармен келісімшарттар бекітілген. Барлық жерде жұмыстар жасадық, автобустық маршруттар 1 күн де тоқтаған жоқ.

Тұрғындар мұндай қар осыдан 10 шақты жыл бұрын жауып еді, - деп еске алады. Сол себепті тек коммуналдық мекемеге иек артып, қамсыз отырға болмайды. Күректерін алып, аула мен маңайын тазартуға жанталасып жатқандар көп.

Алексей Гайдемак, Алтай қаласының тұрғыны:

- Жұмыстан келе сала маңайды тазалауға тырысамын. Отыра берсең, қар да үйіле береді. Үй өзіміздікі болған соң маңайды да таза ұстау керек қой. Әйтпесе, қарапайым жұмысшылар күн-түн демей, қаланы қардан тазартып-ақ  жатыр. Ол оңай іс емес.

Өлкеде тасқын қауіпі жоғары аудандар жетерлік. Солардың ішінде осы Алтай қаласы да бар. Жалпы облыс бойынша осы күнге дейін 150 мың текше метр қар шығарылыпты.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.