Астанада инватакси қызметіне сұраныс артып отыр

Биыл Астанада мүгедек жандарға арналған такси қызметінің санын 2 есе арттыру көзделіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі бүгінде ерекше қажеттілігі бар балалар мен ересек жандарды тасымалдайтын арнайы көлікке сұраныс көп.

Ерекше қажеттілігі бар 10 жастағы Камилла анасымен бірге күнара паралимпиада орталығына барады. Жүзу үйірмесіне де қатысады. Онымен қоса сабақ оқып, ән айтып, арт терапиямен айналысады. Арбаға таңылған баласы үшін Марал Нахмедова инватакси қызметін пайдаланады. Алайда оның тапшылығынан кейде діттеген жерге жете алмайтынын айтады.

Марал Нахмедова, қала тұрғыны:

- Астанада бұндай көліктер алтау ғана. Егер көлік жөндеуге түсетін болса, жөндеу жұмыстары басталса, одан сайын азаяды. Біз үлгермей қаламыз, өйткені бала саны көп. Астанада арбамен жүретін, сондықтан бізге ыңғайсыз. Инватакси ол тек балаға емес, ата-аналардың өзіне де маңызды. Көбіне баламен жүретін – ана, әйел адам. Бізге баланы көтеру ауыр, оның арбасы ауыр.

Инватакси қызметіне тапсырысты 1 күн бұрын беру қажет. Таңғы уақытта оған сұраныс көп. Ал жеке такси шақыруды қалта көтермейді, - дейді ата-аналар.

Дильназ Елеусізова, «Инватакси» жобасының үйлестірушісі:

- Барлығын бірдей қамтамасыз етеміміз деп айта алмаймыз, себебі енді 8 көлікпен шамамыз келгенше. Жүргізушілер таңертеңнен кешке дейін үзіліссіз жұмыс істейді.Таңертең ең бірінші хабарласып үлгерген адамдар көлікпен жүре алады. Ал енді 12-1 кезінде хабарласып қалса, ол кезде көлік қалмайды, себебі көлік өте аз және барлығын қамтамасыз етіп үлгермейміз.

Инватакси қызметі таңғы сағат 7-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Одан бөлек, аурухана, әуежайға адам жеткізеді. Қалада осындай 99 арнайы көлік бар. Тек барлығы бірдей мүгедек арбасын қауіпсіз жеткізуге икемделмеген.

Былтыр елордада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған такси қызметін 2 мыңға жуық адам пайдаланды. Қалада тұрып жатқан 27 мың мүгедек жанның 7 мыңнан астамы – бала.

Айнұр Аубакирова, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:

- Бізде 5 лотымыз бар, оның ішінде 2 қызмет көрсетушінің арнайы жабдықтары бар автокөліктері бар. Бұл 2 қызмет көрсетуші тек балаларға және 18 жастан асқан креслоарбамен жүретін азаматтарға қызмет көрсетеді. Қалған 2 мекеме 3 лот бойынша жеңіл автокөлікпен қызмет көрсетеді. Тапсырыс беру үшін алдымен өтініш, жеке бас куәлігі, мүгедектігі бар анықтамасы және медициналық мекемеден анықтама алу керек.

Былтырдан бастап паралимпиадалық спортшыларға арналған көліктер инватакси мақсатында қолданыла бастады. Нәтижесінде жаттығу залына келіп, оңалту шараларына қатысушылардың саны артқан.

Ерлан Сүлейменов, «Ұлттық паралимпиадалық комитет» ҚБ бас хатшысы:

- Бұл балалардың көбі – паралимпиадалық спорттың болашағы, сондықтан назар аудармауға болмайды. Көп уақыт үйден шыға алмай отырған балалар үшін пайдасы қаншалықты зор екенін түсінеміз. Қазіргі сұранысты қанағаттандыру үшін кем дегенде қосыша 3-4 көлік болса дейміз. Тапсырыс көп келеді. Біздің картотекада 400-ге жуық бала бар. Көлік саны көбейсе, келушілер қатары артары сөзсіз.

Қазірдің өзінде 4 мекеме күніне мыңға жуық шақырту орындайды. Тегін қызметке сұраныс күн санап артуда. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек мүгедек жандарға арналған инватакси саны биыл 2 есеге артатынын жеткізді.

Авторлары: Рухани Асқар, Руслан Әлиев.