Ырыскелді мешіті әлемде күннен қуат алатын жалғыз мешіт саналады

Қазақстанда баламалы қуат көздерін пайдаланатын 130-дан астам нысан бар. Кейінгі жеті жылда энергия өндірудің бұл түрін қолданатын орталықтар мен кәсіпорындардың саны 11 есе өскен.

Астанадағы Ырыскелді мешіті, Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша ерекше мешіт. Себебі мынандай күн панелдерінен энергия алады. Сондықтан әлемде күннен қуат алатын жалғыз мешіт саналады.

Бұл мешіт халық арасында «Алланың гүлі» аталып кеткен. Бой көтергелі 5 жыл қатарынан тек баламалы қуат көзі арқылы жұмыс істейді. Ғимараттың жарығы мен жылуы энергияны толығымен күннен алады. Тіпті, табиғи энергияны артығымен өндіріп, қалаға сатып отыр.

Яхия Абдоллаұлы, Ырыскелді қажы мешітінің имамы:

- Салынған кезде сертификат бар, Австрия мемлекеті берген, әлемдегі мешіт алғашқы мешіт осындай қондырғылармен пайдалынады. Дүние жүзілік конкурс болды 102 жарым мың мекеменің ішіндегі ,180 мемлекеттің ішінде біздің мешіт 1 орын алды. Қазақ елі үшін бұл үлкен жетістік.

Мешіт жылына баламалы қуат көзін сатудан 3 млн теңгеден астам пайда көреді. Алдағы бірнеше жылда күн панельдерінің құнын толығымен өтемек. Ал ел бойынша дәл осылай табиғат көзінен энергия алатын 130-дан астам нысан бар. Экологтар «жасыл энергетика» саласында шағын жобаларға қолдау қажеттігін айтады.

Рүстем Қабжанов, «Ecojer» қауымдастығының бас директоры:

- Табиғи қуат көздері қазір ауадай қажет. Сондықтан мемлекет тарапынан шағын жобаларға қолдау білдіру маңызды. Қазіргі күн, жел және судан қуат алатын нысандар көп емес. Бұл дәстүрлі энергетикадан өзгеше. Сәйкесінше бағасында да айырмашылық болады.

Соңғы 7 жылда баламалы энергия көзін өндіретін ірі нысандардың қуаттылығы 11 есеге өскен. Сонымен қатар, Қазақстан парниктік газдар шығарындылары бойынша отыз елдің қатарына кіреді. Ал елдегі электр энергиясының 70%-і әзірге көмірден өндіріледі.