Елордалық шеберлер ұлттық нақыштағы ойыншықтар жасап шығарды

Елордалық шеберлер ұлттық нақыштағы ерекше ойыншықтар жасап шығарды.

Балалар ойын арқылы ой-өрісін кеңейтіп, қазақтың мәдениетімен таныса алады. Жоба авторларының айтуынша, тапсырыс мақұлданса, Астананың  мемлекеттік мектептері мен балабақшаларын танымдық сипаттағы ойыншықтармен қамтуға болады.

Ұлттық нақыштағы 5 ойыншық. Мозаика, киіз үй, қыз бен жігіт және  қарымта. Сондай-ақ, төрт-түліктің мүсіндері бар конструктор. Жылқының немесе қойдың бөлшектерін жинай отырып, жануарлардың әр мүшесімен танысуға болады. Бұндай ойын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен жасалған. Оны ойлап табу үшін жарты жылға жуық уақыт кеткен.

Шәкәрім Нұрсіленов, жобаны әзірлеуші:

- Менің ойымша, керек. Өйткені, бұл қазіргі жастарға, балаларға біздің салт-дәстүрімізді қызық және өте пайдалы түрде жеткізу мақсатында жасалған. 

Жоба авторлары қазақ халқының тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтерді көптеген кітаптан іздеген. Ойыншықтардың бөлшектерін мүмкіндігі шектеулі 11 маман дайындаған. Ал тігіншілер  мата түрлерін таңдап, ою-өрнектерді салған.

Әсел Қартаева, Қазақстандық қоғамдық даму институтының жобалар жөніндегі менеджері:

- Бұл макеттер балалардың ой-өрісін, логикасын және  моторикасын дамытуға арналған. Биыл балабақшалар мен бастауыш сыныптарда сынап көрмек ойдамыз. Макеттердің сапасы жақсы. Материалдар экологиялық таза өнім.

Бір жыл ішінде елордадағы мектептер мен балабақшаларды осындай ойыншықтармен қамту мүмкіндігі бар. Авторлардың сөзінше, осылайша ұмытылған ұлттық ойындарды қайта жаңғыртуға болады.