Елде туризмді дамыту мақсатында кэшбек тетігі енгізілмек

Қазақстанда демалатын саяхатшыларға жеңілдік жасалады. Ішкі туризмді дамыту мақсатында кэшбек тетігі енгізілмек.

Мәселен, Абай мен Ұлытау облыстарындағы тың туристік бағытты таңдаған азаматтарға жолдаманың 20% қайтарылады. Егер Алматы мен Бурабайға сапарласаңыз, қайтарымды ақшаның көлемі 10% шамасында болмақ. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт министрлігінің Бурабайда өткен алқа отырысында айтылды. Министрлік ұсынып отырған кэшбек бағдарламасы демалыс маусымы саябырсыған кезде жүзеге асырылмақ. Ескерерлік жайт, туристік жолдаманың 20% дейінгі қаражаты ресми тур агенттіктермен шарт жасасқан кезде ғана қайтарылады. Құзырлы ведомство бұған дейін елдегі ішкі туризмді дамыту жоспарын бекітіп, басымдық беретін 10 туристік бағытты айқындаған еді.   

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Ең алдымен, мақсат – осы 10 дестинация бойынша сапалы шешімдерді қабылдап, дұрыс жағдай жасау. Бұл біздің тұрғындарымызға, бізнес өкілдерімізге мемлекте тарапынан жақсы қолдау болады деген ойдамыз. Ең алдымен біздің негізгі мақсатымыз біздің тұрғындарымызға, азаматтарымызға қолжетімді туристік маршруттарды бекітіп, қолайлы жағдай жасап, Құдайға шүкір біздің енді бай табиғатымыз бар.