Оралда жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

Оралда жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі енді әр бағыт бойынша кезең-кезеңімен өткізілетін болды.

Жылдың алғашқы шарасында қоғамдық тамақтану орындары тарапынан жұмыстар ұсынылды. Яғни, бұл жолы жастардың әкімгер, аспаз, даяшы сияқты қызметтерге орналасуына мүмкіндік жасалып отыр.

Бұрын мұндай жәрмеңкелерде бір мезетте барлық сала мекемелері мен кәсіпорындардан бос жұмыс орындары ұсынылып, біраз қарбалас болатын. Енді ұйымдастырушылар ай сайын әр бағытта қамтуға кірісіп отыр. Жастардың біразы – студенттер. Ал олардың тұрақты қызметке орналасуы қиын. Бүгінгі жәрмеңкеде қоғамдық тамақтану орындарынан ұсынылған жұмыстардың кестесі студенттер үшін қолайлы. Оның үстіне тәжірибе жинақтауға жол ашты.

Виолета Монжу, колледж студенті:

- Мен дәл осы сала бойынша кәсіби білім алып жатырмын. Тағам дайындағанды ұнатамын. Биыл оқуды тәмамдаймын. Сабақпен қатар алып жүруге қолайлы жұмыс іздеп келдім. Былтыр жазда дәмханада қызмет атқарған едім.

Жәрмеңкеге жиналған жастардың қарасы көп болды. Оларға қаладағы 20-ға жуық дәмханадан 60-тан астам бос жұмыс орны ұсынылған.

Нұргүл Тұрғанбаева, дәмхананың кадр бөлімі меңгерушісі:

- Біздерге қазіргі таңда керегі поварлар және даяшылар. Ылғи керек болып тұрады, өйткені жастар біреу оқуда болады, біреуі денсаулығына байланысты шығып кетеді. Еңбекақыны айына екі рет алады. Орташа 150 мың теңгеден көп алады.

Шаһарда жұмыссыз және еш жерде кәсіби білім алмаған жастардың үлесі 2,1% болып тұр. «Өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда оң көрсеткіш. Десе де жастарды еңбекке тарту шараларын әлі де жетілдіре түсуіміз қажет», - дейді мамандар.