Жаңаарқалық Нұрбол Қуандықов шағын трактор жинап шығарды

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында ерекше қабілетінің арқасында қолда бар дүниеден ауыл тірлігіне қажет техника құрастыратын бесаспап азамат тұрады.

Осыған дейін жеңіл көліктің бірнеше түрін құрастырған Нұрбол Қуандықов жақында шағын трактор жинап шықты. Нұрбол сонымен қатар топырақты органикалық тыңайтқышқа айналдыратын шылаушын құрттарын өсірумен айналысады. Бейнетқор азамат «болашақта осы екі бизнесімді байланыстырып, елдімекенді көгалдандыру ісімен айналысатын серіктестік құрғым келеді» дейді.

Жаңаарқаның жазы жайлы болғанымен, қысы қатал. Апталап жауатын қарды аршу да оңай емес. Нұрболдың шағын трактор құрастыруына осы жағдай себеп болған. Жаңа туындысына «Пысық» деп ат та қойып алған. Шағын техника көршілердің ғана емес, түгел көшенің қарын тазалауға жарап тұр.

Құрманғали Бекеев, көршісі:

- Тракторы жақсы енді, осы маңайдың қарын бәрін күрейді. Тамаша. Жақсы ойлап шығарған. Бәрін істеп жатыр. Әйтеуір көршілерге қолқабыс тигізіп жатыр.

Нұрбол бұл тракторын әлі де жетілдіріп, кейін тиісті құжаттарын рәсімдеуге ниетті. Кез келген көліктің істен шыққан қосалқы бөлшегін жөндеп, қажетке жарататын шеберге ол жағы аса қиын емес.

Нұрбол Қуандықов, Жаңаарқа ауданының тұрғыны:

- Төрт дөңгелегі бірдей айналатын мост қойдым. Маторы 460 кубтық, 22 аттың күші бар. 450 килограмм көтереді. Атын «пысық» деп атадық. Қора тазалауға, анау-мынау жұмыстарды атқаруға жарайды.

Нұрбол қазір топырақ араластырып, артық заттарды іріктейтін құрылғы құрастырып жатыр. Себебі, көктем шыға туған ауылын көгалдандыру жұмыстарын бастамақ. Ол үшін былтырдан бері топырақты тыңайтқышқа айналдыратын шылаушын құрттарын өсіріп жатыр.

Нұрбол Қуандықов, Жаңаарқа ауданының тұрғыны:

- Таза тыңайтқыш өндіру жоспарымыз, Қазақстан бойынша қара жер тозды. Бәлен жылдан бері жеміс-жидектің бәрін химикатпен өсірді. Одан адам ағзасына көп зиян келеді. Дені сау ұрпақ өсіру үшін таза органикалық тыңайтқышқа жеміс-жидек өсіруіміз керек.

Органикалық өнім өндіру бағытында арнайы курстан өткен азамат әу баста 12 мың құрт сатып алған. Бүгінде олардың саны 7 млн-нан асып кеткен. Күніне өзінің көлеміндей өнім шығаратын шылаушындардың көмегімен күзге салым 100 тонна таза тыңайтқыш шығаруға болады. Көгалдандыру ісі бойынша бизнес жоспар әзірлеп қойған азамат бастапқы кезеңде демеп жіберетін демеуші болса деген тілегін де айтып қалды.