БҚО-да жаңа мәдениет үйлері салынады

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында мәдениет үйлері кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді. Алдымен ауылдық округтерге басымдық беріліп отыр. Мәселен, жылдың алғашқы айында Мәштексай ауылында жаңа ғимарат тапсырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәштексай ауылының тұрғындары үшін бұл жыл жарқын сәтпен басталды. Асыға күткен жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 150 орындық өнер ордасында қоғамдық-мәдени шараларды ұйымдастырып, шығармашыл жастардың шеберлігін шыңдауға қолайлы жағдай қарастырылған.

Теміржан Сапарғазиев, Мәштексай ауылының тұрғыны:

- Мынау елдің игілігіне үлкен мәдениет үйі беріліп жатыр. Бұл – халықтың көптен күткен арманы. Ауылымызға үлкен тарту болды.

Ауданда 9 ауылдық округ бар. Әрқайсының орталығындағы мәдениет үйлерін жаңғырту бастамасы жемісін берді. Енді Қырқопа ауылы ғана кезегін күтіп тұр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Қырқопа ауылына да жаңа мәдениет үйі салынар күн алыс емес. Өзге ауылдарға ғимараттар типтік үлгіде салынса, бұл елді мекенге бөлек сметалық-құжаттар жасақталған. Өйткені жергілікті тұрғындар жобаға өз ұсыныстарын қосқан көрінеді.

Ерлан Қажиев, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары:

- «Ауыл – ел бесігі» бойынша кеше әріптестеріміз жиналғанда ұсындық. Қаражаты ертең сессия кезінде қаралады. Қаражат бөлу оң шешімін тапса, онда биыл соның құрылысын бастаймыз. 461 млн теңге қаражат. Өзінің коворкинг зонасы бар. Сол жердегі жергілікті халықтың сұранысы бойынша ескеріп, соны біздер жобаға кіргіздік.

Ауылдық округтердің орталығынан бөлек, шағын 3 елді мекенге мәдениет үйі қажет. Жуалыой, Сарыкөл, Мұқыр ауылдарында өнер ордасының ғимараты көне. Әкімдік ол жерлерге модульді ғимараттар құрастыруды көздеп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.

Сондай-ақ...