Қарағанды облысының фермері жастарға жомарттық танытып жүр

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы фермер Ержан Нұртазин ауыл жастарын еңбекке баулып, алдарына азын-аулақ мал беріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ 5 жыл бойы шаруашылығына көмектесу керек деген шарт қойған. Адал жұмыс атқарған азаматтарға тіпті қаладан бірнеше пәтер де алып берген.

Ержан Нұртазин қалада бизнесі бола тұра, ауылға келіп, ата кәсіпті жаңғыртып отыр. Туған жері Қызыларай елді мекенінің маңынан қыстау салып, мал асылдандырумен айналысып келеді. 3 бірдей бордақылау алаңын салған. Қазір қолында 300-ге тарта сиыр мен жылқы бар. Келешекте мыңға жеткізсем, - дейді. Техникалары сақадай-сай.  Жуырда бос жатқан 8 мың гектар жерді ұзақ мерзімге жалға алған.

Ержан Нұртазин, фермер:

- 300 гектар егіндік жер алқабын алдым. Соған биыл жерін жыртып, қоршап мал кірмейтіндей, сол жерге биыл егін салсам деп отырмын. Өйткені қазір жем-шөптің бағасы қымбат, өнім өзімнен шықса, оның пайдасы болады деп есептеп отырмын.  

Фермер шаруашылықтың жұмысына кілең ауыл жастарын тартқан. 5 жылдық келісімшартқа отырып, жоғары жалақы төлейді екен. Одан бөлек, мал беріп, оны көбейтіп алуға мүмкіндік береді. Осылайша, азаматтардың кейін жеке фермер болып қалыптасуына да септігін тигізіп отыр. Тіпті жомарт азамат адал еңбек еткен 2 бірдей жұмыскеріне Қарағанды және Балқаш қалаларынан пәтер де алып берген.

Нұрсұлтан Мәнен, Қызыларай ауылының тұрғыны:

- Жалақыдан бөлек, былай бала-шағамыздың несібесіне ештеңе аямайды, сыйлықақы беріп тұрады. Онысына рақмет, Алланың нұры жаусын. Осындай ауылымыздың азаматтары көбейе берсін. Мал да береді. Осы жабағылардың ішінде, мысал ретінде, менің 2 жабағым бар. Балаларға берген өзінің сыйлығы.

Фермер жұмыскерлерге арнап қыстауға зәулім жатақхана салған. Ұялы байланыс орнатып, интернет желісін тартыпты. Қысқасы, мұнда еңбеккерлердің жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.