Астанада балалар сән фестивалі өтті

Онда ерекше балалар мен қатар жетімдер үйінің тәрбиеленушілері де өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игі шараға қатысу үшін бүлдіршіндер 1 ай бойы тыңғылықты дайындалған. Бүгін бар көрген білгендерін ортаға салып, көпшілікті тәнті етті.

Мүгедектік сәнге кедергі емес! Осындай үндеумен өткен сән кеші 5 жасар бүлдіршіндердің сахнаға шығуынан басталды. Бүлдіршіндер қызыл кілемнің үстінен жүріп өтіп, кәсіби сәнбикелерден кем емес өнер көрсетті. Ал ерекше балалардың ата-аналары  перзенттерінің қоғамдық өмірге белсене араласқанына дән риза.

Әсия Текеева, ерекше баланың анасы:

- Менің 12 жасар қызым осы шараға қатысты. Дамуында ерекшеліктері бар балалар үшін мұндай шаралар өте маңызды. Біріншіден, балаларды қоғамға бейімдейді, екіншіден, мотивация береді.

Шараны отандық балалар киімі бренді мен Инклюзивті театр бірлесіп ұйымдастырған. Мақсаты – балалардың бойындағы дарынын ашып, оларды сахна мәдениетіне үйрету және рухани дамуына үлес қосу.  

Арнұр Ысқақов, «Қанаттылар» инклюзивті театрының жетекшісі:

- Біздің театр барлық саладағы, өнер саласындағы ерекше азаматтарға қолдау білдіруге дайын. Сондықтан да бізге осындай ұсыныс түскеннен кейін біздің қолдан келгенше қолдау білдіруге тырыстық. Балалардың сахна әлеміне, мода әлеміне аяқ басуна ықпал етіп жатырмыз.

Сән фестиваліне 5 жастан 12 жасқа дейінгі 50 бүлдіршін қатысты. Оның 8-і – ерекше бала. Оларға түсінікті болуы үшін ән сурдоаудармамен орындалды.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Наурызбай Құрманғазы.