СҚО-да жабайы жануарлар қамқорлықта

Солтүстік Қазақстан облысындағы жануарларды қорғау аймағында қабанның, марал және еліктің саны көбейіп келеді.

Қысы ұзақ әрі қатты өңірдің табиғат жанашырлары оларды қамқорлыққа алып, қолдан қоректендіреді.

Маралдар Солтүстік Қазақстанға осыдан 40 жыл бұрын әкелінді. Қазір олардың саны мың жарымнан асқан. Жазда орманда емін еркін жайылса, қыста табиғат жанашырлары оларды қамқорлыққа алып, қолдан қоректендіреді. Себебі солтүстіктің қысы қатты. Яғни бұл кезде жабайы жануарлардың өздігімен азық табуы қиындайды. 

Маралдар көбіне көктемде мүйіз тастайды. Сондықтан мамандар осындай ағаш жапырақтарын береді екен. Өйткені мұнда дәрумендер көп.

Сайын даланың еркелеріне алты адам күтім жасайды. Солардың бірі -Руслан Құсайынов. Күніне екі мәрте азықтандырады, кейін 60 мың гектар аумаққа бақылау жүргізеді. Себебі аңшылық құрғысы келетіндер де жоқ емес.

Руслан Құсайынов, инспектор:

- Жеті жерде тамақ ішетін алан бар. Сол жеті жерге саламыз. Сосын сегізінші жер дала шошқасына көлге жем апарамыз. Қыс биыл жұмсақ деп айтуға болады. Қар аз. Дегенмен апқан алда. Тамақ жетеді. Күнде өзіміздің жасайтын рейдіміз болады.

Өткен жылы мұндағы жануарлар санын анықтау үшін есеп жүргізілді.Қазір  мұнда шамамен бес мыңға жуық жабайы жануар мекендейді. Басым көпшілігі қабан, елік және  марал. 

Николай Гусельников, жануарларды қорғау аймағының директоры:

- Жабайы жануарларды басқа аймақтарға көшіру керек. Оның үстіне қандарын жаңарсақ деп отырмыз. Себебі соңғы бес жылда бұл жұмыстар жүргізілген жоқ.

Табиғат сұлуларына деп биыл  3000 центнерден астам шөп, 60 тонна жем, он бір жарым мың ағаш жапырағы дайындалған. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Мұнымен қоса агроқұрылым басшылары да көмек көрсеткен.