Шымкентте балалар ауруханасында интерактивті оқу сыныбы ашылды

Шымкенттегі балалар клиникалық ауруханасында интерактивті оқу сыныбы ашылды.

Енді балалар қолөнермен айналысып, сурет салуға, шахмат пен дойбы ойнауға, сонымен қатар роботтар құрастырып, ағылшын тілін де үйрене алады. Бұл оқу сыныбы ауруханада ұзақ жатып, ем алатын балаларға арналыпты.

Бұл сыныпта ауыр дертке шалдыққан балалар білімін шыңдайды. Олар мұнда ауруды ұмытып, күрделі ем-домнан кейін тез қалпына келеді. Нәтиже де көңіл көншітерлік. Оқу кезінде балаларға баға қойылып, тапсырма берілмейді.

Жеңіс Сәрсенов, онкогематология бөлімінің меңгерушісі:

- Әрине, бұл жерде балалар осы смарт-мектепке қатысқанының арқасында балалардың көңіл күйі жақсарады. Сонымен қатар біздің ұзақ жататын пациенттерге емінің жақсы әсер етуіне де көмектеседі. Және балалар сабақтан қалмай, білім алуға тырысады.

Мұндағы балалар бір-біріне әбден бауыр басқан. Көбі осы ауруханада ұзақ уақыт жатып ем алады. 8 жасар Әлиханның клиникалық ауруханада жатқанына 20 күннен асқан. Оқуға құмар бүлдіршін интерактивті оқу сыныбында білімін жетілдіріп жүр. Әлихан дертін жеңіп, сыныптастарымен қайта бас қосатынына сенеді.

Бибіжамал Айсағатова, Әлиханның анасы:

- Бірінші күннен бастап бізді сол жаққа направлениемен жіберіп отырды. Балам бірінші күннен бастап қуана-қуана барып келіп жүрді. Сабақтары ұнады. Көңілді боп келетін. Өте жақсы ұйымдастырған негізі балаларға.

Интерактивті оқу сыныбы алғашында онкогематология бөліміндегі пациенттер үшін ашылған. Кейін дәрігерлер балалардың жақсарғанын байқапты. Қазір ауруханада ұзақ ем қабылдайтын балалардың бәрі дерлік осы оқу сыныбына келеді.

Нұрлыбек Асылбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Онкогематологиямен ауырып жатқан жас балалар, сәбилерге, солардың ертерек жазылып кетуіне көп көмке береді. Ол жерде интерактивті тақтасы бар, ол жерде шашка ойнатады, шахмат ойнатады. Басқа әдістерге, қалай ойлауға, осыған оқытылған мамандар көрсетіп, оқытып, бұл дегеніңіз – ертеңгі оңалту ғой.

Мұнда балалардың көңіл күйін көтеру үшін жыл сайын жаңа жобалар жүзеге асады. Тіпті ауруханаға аниматорлардың келуі оларды қуантатыны жасырын емес. Мұндағы әр бала аурудан құлан таза айығып, сауығатынына сенеді. Ақ халаттылар да барын салып жүр.

Сондай-ақ...