Абай облысының Долон ауылына ауызсу келді

Абай облысының Бесқарағай ауданының Долон ауылына ауыз су келді. Қазір ауыл халқының жартысынан көбі тіршілік нәрін үйіне тартып алған.

Енді жыл соңына дейін қалған бөлігі су құбырына қосылады. Осылайша төрт жүзге жуық тұрғыны бар елді мекендегі өзекті мәселе шешімін таппақ.

Үйіне су құбырын алғаш болып тарттырған тұрғындардың бірі – зейнеткер Любовь Шнайдер. Сол үшін 90 мың теңге төлеген. Екінші топ мүгедегі бұған дейін құдықтан су тасуға мәжбүр болған. 

Любовь Шнайдер, ауыл тұрғыны:

- Ауыр шелекпен су тасыған күндер артта қалды. Құдайға шүкір, су жеткілікті. Қалай қолданамын десек те, өзіміз білеміз. Суық су да, ыстық су да бар. Көңілдегі алаң басылды.

Вера Куликова, Ауыл Тұрғыны:

- Көп нәрсе ауыз суға келіп тірелетін еді. Әсіресе ауылдағы жалғыз басты зейнеткерлерге қиын болатын. Шынымды айтсам, сол кісілер үшін қуанып отырмын.

400-ге жуық тұрғыны бар Долон ауылына су тарту жұмысы 2020 жылы басталған еді. Бұған бюджеттен 480 млн теңге бөлінген болатын.

Алмас Тастенбеков, Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда Долон ауылының 60% ауыз суға қосылған. Биыл су құбырына қосылуға ниет білдірушілер көп. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 90-95% жеткіземіз.

Бүгінде Бесқарағай тұрғындарының 82% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Әлі су құбыры тартылмаған төрт ауыл бар. Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл елді мекендердің түйткілді мәселесі 2024 жылдың соңына дейін шешімін табады.