Арал суы молая түсуде

Ежелден дария бойын ен жайлаған жұрт үшін тіршілік нәрінің көбейгені қуанарлық жайт.

Қуаңшылықтан айдын көлдерінің түбі көрінген Қызылорда облысының аумағына қазір секундына 630 текше метр су келіп жатыр. Сырбойылық мамандар көл-көсір суды соңғы 5 жылда нәр тамбаған ескі арналарға бағыттап жатыр. Ең бастысы Арал теңізінің қоры біраз молайып қалды.

Жыл басынан бері теңіздің солтүстік бөлігіне 100 млн текше метрден астам су жіберілді. Қазір Аралға құяр сағадағы Ақлақ тоспасы арқылы секундына 180 текше метр шамасында су өтіп жатыр. Жалпы одан бөлек өңірдегі 200-ге жуық ірілі-ұсақты көлдің 70%-іне су барып үлгерді. Сондай-ақ шабындық пен жайылымдықтар суландырылды. «Сәтін салса, биыл шөп шүйгін болады», - дейді шаруалар. Ең бастысы, аңқасы кепкен Аралдың сәл де болса сусыны қанбақ.

Сейілбек Нұрымбетов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:

- Мұздың жағдайына байланысты, төменге жіберілетін судың көлемі біртіндеп жоғарылап келе жатыр. Соған байланысты Солтүстік Арал теңізіне берілетін судың көлемі де біртіндеп артады.  

Теңіз маңын мекендесе де тіршілік нәріне жарымаған шаруалар биыл алғаш рет мың жарым гектар алқапқа егін екпек. Оның басым бөлігіне мал азығы қалғанына бақша дақылдары егіледі. Қуаңшылықта қысылған шаруаның бірі - Қайырбол ақсақал. Өткен жылы жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа еккен Аманөткел ауылының тұрғындары биыл картоп пен қауын-қарбыз егуді жоспарлап отыр.   

Қайырбол Қайыперенов, Аманөткел ауылының тұрғыны:

- Қамбаш көлі бар, мына Ақшатау көлі бар бәрі кеуіп қалып еді. Солардың бәріне су барып, осы тұрғанда бәрі жақсы. Су келгесін бәрі тірлік жасап жатыр. Былтыр қуаңшылықта малымыз да өлді, жан-жақтан әйтеуір көмек болды. Құдайға шүкір су бар жерде ну болады демекші бәрі жақсы болып келе жатыр деп есептейміз. Ұзағынан сүйіндірсін. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Аралды сақтау жобасы қаржыландырылып, теңіз маңындағы гидроқұрылғыларды жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

- Қарашалаң көлінен 2 канал және Бөген қасындағы Сарытерең каналынан 1 канал қазу басталып кетті. Осы жоба 2024 жылы іске асырылатын болады. Соның нәтижесінде теңіздің тұздану жағдайы төмендетіледі. Балықтың өнуіне үлкен септігін тигізеді деген ойымыз бар. 

Сырдария жағалай қоныстанған ауылдардан бөлек құмның арасындағы елді мекен тұрғындары да егіншілікке бет бұрмақ. Ол үшін ауданның егіс көлемі 3 мың гектарға дейін жеткізіліп, құдықтар қазылады.

Сондай-ақ...