Атырауда мамыр айына дейін пияз қымбаттамайды

Атырауда мамыр айына дейін пияз бағасы тұрақты болады. Оған мүмкіндік мол.

Былтыр облыста 15 мың тоннадан астам пияз жиналды. Мұнайлы өңірдің бұл өнімге деген жылдық қажеттілігі 8-9 мың тонна екенін ескерсек, аталған көкөністен тапшылық болмайды. Сол себепті жылда егіншілер артылған пиязды Балтық маңы елдері мен Польшаға экспорттайтын. Енді Үкімет қаулысына сәйкес тек ішкі нарыққа шығарылады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жергілікті билік арасындағы келісімшарт негізінде облыста тұрақтандыру қоры жасақталған. Қазір қоймаларда 1400 тонна пияз сақтаулы тұр. 

Нұрдәулет Жұмасейітов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Сол аталған шарт негізінде ағымдағы жылдың мамыр айына дейін пияз өнімін қала тұрғындарына қолжетімді және жеткілікті көлемде сауда орындарында ұсынатын болады. Жоғарыда аталған айналым схемасы шеңберінде пияздың бағасы 1 келісі 130 теңгеден тұтынушыларға ұсынылуда. Ол келісім шартпен негізделген.