Павлодар облысында онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 30%-ке азайған

Инновациялық әдістердің енгізілуі мен ерте диагностика жасаудың нәтижесінде дертке шалдыққан азаматтардың өмірі орташа есеппен бес жылға ұзарған. Ендігі мақсат – сәулелі терапияны барыншы дамыту.  

Раиса Канавец өткен жылдан бері ем қабылдап келеді. Скринингтік тексеріс барысында қатерлі ісік анықталған. Сол сәттен бері емделіп жүр. 

Раиса Канавец, облыс тұрғыны:

- Сүт безінің ісігі диагнозы қойылды. Химиотерапия курсынан өттім. Енді радиология бөлімінде жатырмын. Хал-жағдайым жақсы. Ең бастысы, ем-дом тиімділігін көрсетті. 

Облыстық онкологиялық диспансердің есебінде 13 мың адам тұр. Олардың барлығы дәрігерлердің жіті назарында.

Жүсіп Мағзұмов, облыс тұрғыны:

- Сәулелік ем алып жатырмын қазір. Аяғымда бір-екі жерде жазылмай жатқан нүкте бар еді. Міне, осы жылы бірінші рет қабылдап жатырмын. Оның алдында химиядан емделгенмін. Системаға кіреді. Содан төрт-бес ай болды. Аяғым ісіп кетті. Аяғым қақсап ауырды, қазір жақсы. 

Заманауи технологиялар мен емдеудің озық тәсілдерінің арқасында олардың өмір сүруі 5-10 жылға ұзарған. Бір жылда 1400 операция жасалса, бүгінде олардың 31%-і азинвазивті. Осындай тәсілден соң науқастар ауруханада бұрынғыдай апталап емес, бірнеше күннен кейін үйлеріне оралады.

Мұрат Сүлейменов, облыстық Онкологиялық диспансердің директоры:

- Бұл - алдымен дәрігерлердің еңбегі. Екіншіден, дәрілік қамтамасыз ету мен ем-дом шараларының сапалы жүзеге асырылуы. Нәтижесі сол, науқастарымыздың өмірі ұзарады. Бұл көрсеткіш еліміз бойынша жоғары. Қатерлі ісікке шалдыққан адам дер кезінде емделіп, тиісті шаралардан өтсе, нәтиже болады.

Онкологиялық қызметтің даму бағыттары республикалық үйлестіру кеңесінде қаралды. Мамандардың айтуынша, алдағы үш жылда сәулелі терапияны дамытуға басымдық беріледі. Ел бойынша алты сәулелі аппарат сатып алынбақ. Сонымен қатар жаңа корпустар мен бөлімшелердің құрылысы жоспарланған.

Диляра Кайдарова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологі: 

- Дертті алдын алу бойынша өкпе ісігіне барынша көңіл бөлінеді. Себебі, бұл кең тараған ауру. Ел өңірлерінде скрининг жасау барысында аз дозалы компьютерлік томография енгізілмек. Бұл шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқамасы бойынша қолға алынады. Ал 2024 жылы адам паппиломасы вирусына қарсы екпе салына бастайды. 

Алдағы үш жылға жасалған кешенді жоспар үкімет қарауынан соң жүзеге асырыла бастайды. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат