БҚО-да саз мектебіне әнші А. Ғұбайдуллин есімі берілді

Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылындағы балалар саз мектебіне дарынды әнші, әйгілі сал Мұхит пен Ғарифолла Құрманғалиев әндерін насихаттаушы Амангелді Ғұбайдуллиннің есімі берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған білім ордасы 2007 жылы ашылған. Қазір 100-ден аса шәкірт білім алып жатқан мектепте домбыра, фортепиано, баян және дәстүрлі ән сыныптары жұмыс істейді.

Айзере Бауыржан – Жымпиты ауылындағы саз мектебінің белсенді шәкірті. Жастайынан күй өнеріне деген қызығушылығы оны осы өнер ордасына жетелеп әкелген. Ұстаздарынан «Тойбастар», «Бозжорға», «Тепең көк», «Салкүрең» және «Балбыраун» сияқты танымал күйлерді үйреніпті. 

Айзере Бауыржан, А. Ғұбайдуллин атындағы саз мектебінің оқушысы:

- Жасым 11-де. 5 жасымнан қатысамын. Айгүл апайға қатысып жүрмін. Осы музыкалық мектепте 4-ші сыныпта оқып жатырмын. Келесі жылы 5-ші сыныпқа көшкенде бітіремін. Әкем домбырашы, соның тартқанына қызығып қатыстым. 

Амангелді Ғұбайдуллин 1951 жылы Сырым ауданының Алғабас ауылында дүниеге келген. Ауылдың мәдени өміріне белсене араласқан ол 1978 жылы Алматыда өткен телевизиялық ән байқауына қатысып, бірінші орынды иеленеді. 1980 жылы Мәскеудегі Қазақстан күндері шарасына арнайы шақыртумен барып, Одақ жұртын өнерімен таңғалдырды. Сал Мұхиттың ән мұрасын кеңінен насихаттап, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Небәры 45 жасында өмірден өтті. Қысқа ғұмырында соңына өшпес мұра қалдырған өнер иесінің есімін аудандық саз мектебіне беру көптен күткен игілікті іс болды, - дейді шәкірттері.  

Қайрат Кәкімов, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі:

- Ұстазымыз туралы үлкен әңгімелер көп. Ол кісінің жан-жақтылығы тек ол Батыс мектебі емес, Арқаның әншілік мектебі болсын, Жетісу болсын, тіпті ол кісінің өзі эстрадалық та жеке баян-аккордеонымен де елге белгілі. Өте қуанышты жағдайдамыз. 

Балсекер Махметова, А. Ғұбайдуллиннің жұбайы:

- Амангелдіні Амангелді етіп танытқан халқы. Көптеген шаралар өтіп жатыр, көптеген ұсыныстар болып жатыр. Көптеген атақтар беріп жатыр, соның бәрі осы елдіге азаматтардың арқасы. Саз мектебіне беріп жатқан атағы мәңгілік болады деп есептейміз.  

Саз мектебінде шәкірттерге 6 бағыт бойынша білім мен тәрбие беріледі. Қазір мұнда 106 оқушы білім алып жатыр. 4 жыл бұрын Амангелді Ғұбайдуллин атындағы дәстүрлі ән сыныбы ашылыпты. Қазір мектептің жас өнерпаздары облыс пен республика деңгейіндегі байқауларда бақ сынап жүр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов.

 

 

Сондай-ақ...