Қарағандыда қолөнер шеберлерінің бірінші облыстық форумы өтті

Ондағы мақсат – шалғай ауылдарда елеусіз жатқан шеберлерді көпшілікке таныстыру, кәсіптерін табыс көзіне айналдыруға көмектесу, -дейді ұйымдастырушылар.

Олардың айтуларынша, қазір Қарағанды өңірінде қолөнермен айналысатын мыңға тарта адам бар. Әзірге соның тек 250-і ғана жаңадан құрылған қолөнершілер орталығына тіркелген. Келешекте қалғандарының да басын біріктіру жоспарда бар. Бұл күні жан-жақтан жиналған шеберлер қолдарынан шыққан бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынып, көрме ұйымдастырды. Сондай-ақ жастарға шеберлік сабағын өткізді. Ал орталық мамандары оларға мемлекеттік қолдаудың сан түрлі тетіктерін түсіндіріп, бизнес ашудың жолдарын көрсетті.

Перизат Құлымбетова, облыстық қолөнершілер орталығының жетекшісі:

- Қарағанды облысы бойынша қолөнершілерді жинап, басын қосып, үлкен бір АРТ-орталық ашуды ұйғардым. Мұндағы мақсатым – жергілікті ауыл-аймақтардағы қолөнершілерді біріктіру, оларды облыстық, республикалық және шетелдік аренаға шығару, солардың кәсіпкерлігін дамыту, өзіміздің ұлттық құндылығымызды дамыту және осы ұлттық құндылықпен балаларға, жастарға тәрбие беру.