Қазақстанда цифрлық трансформация тұжырымдамасы іске асады

5 минутта көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі 90%-ке дейін артады. Мемлекеттік органдардағы бизнес процесі толық цифрландырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

250 мыңнан астам білікті IT-кадр даярланып, осы саладағы өнімдер мен қызметтердің экспорты 1,5 млрд долларға дейін ұлғаяды. Ал Astana Hub арқылы шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылады. Бұл мәселе бүгін Үкіметте қаралды. Жиында цифрлық трансформация, IT-саланы дамыту және киберқауіпсіздік тұжырымдамасының 2023-2029-шы жылдарға арналған жобасы қаралды. Жоғарыда аталғанның бәрі осы құжатқа енген. Тұжырымдама аясында елде өңірлік цифрлық хабты қалыптастыру, байланыс саласын монополиядан арылту, киберқауіпсіздікті күшейту және денсаулық сақтау, білім беру, азаматтық қауіпсіздік салаларында жасанды интеллектті дамытуға басымдық берілмек. Азаматтар мен бизнесті жылдамдығы жоғары интернетпен, ал республикалық және негізгі облыстық жолдарды мобильді кең жолақты желілермен қамту бойынша жұмысты аяқтау да жоспарланып отыр.