Президент Астананы дамытуды тапсырды

«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек». Мұны Мемлекет басшысы тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиында Президент «LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады» деді. Ал оған балама жобалар жоқ. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет екенін айтты. Сосын қаладағы кіші айналма жолдың құрылысы созылып кеткенін сынға алды. Көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр. Сондықтан мәселемен жүйелі түрде айналысу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :

- Астана тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек. Ең алдымен, қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қараған жөн. Қазір Астанада саябақтар жетіспейді. Тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз. Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Бос тұрған жерге бірден тұрғын үй салынады. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет. Қаланы жоспарлаған кезде мұның бәрін алдын ала ойластыру керек. Қазір Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – Елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту.