Қарағандыда кеншілердің қауіпсіздігі ескеріліп жатыр

Қарағандыдағы кеншілерді видеофиксаторлары бар жаңа құрылғымен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы бас киім метан деңгейін өлшеп отырады. Кеншіге қауіп төнген жағдайда дабылды ескерту іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».​

Қазір кеншілер осындай арнайы бас киіммен жүреді. Ерекшелігі сол, күні бойғы жұмысы бейнежазбаға жазылып отырады. Әрі құрылғы метан деңгейін автоматты түрде өлшейді. Егер белгіленген мөлшерден асып кетсе, онда бірден дабыл қондырғысы іске қосылады. Арнайы бас киім кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Виктор Ғафиулов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тау сегментінің атқарушы директоры:

- Көмір басқармасына қарасты шахта жаңа құрылғылармен толық қамтамасыз етілді. Заманауи технология бізге көмір шахталарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.  

Бас киімге орнатылған флэш-дискінің сыйымдылығы 3 күнге дейін  жеткілікті. Жиналған бейнежазба компьютерде сақталып отырады.

Роман Жилкин, ВТБ позициялау механигі:

- Бейнефайлдарды ұзақ уақытқа сақтауға болады. Мұны төтенше жағдайларда пайдалануға және жұмыстың қауіпсіз жүргізілгеніне көз жеткізу үшін қарап отырамыз.

Бейнефайлдарды қауіпсіздік мамандары іріктеп қарайды. Қандай да бір қауіп-қатер байқаса, бірден тиісті шара қабылдайды. Осылайша, компания өкілдері шахталардағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға кірісті.

Игорь Федосеев, «АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаменті денсаулық және қауіпсіздік бөлімінің директоры:

- Біз осы жаңа технологияны алда қайғылы оқиғалар болмас үшін енгізіп отырмыз. Көп уақыт іздедік. Бұл көліктегі бейне-тіркеу құрылғылары іспеттес. Кеншінің жұмыс барысын бастан аяқ жазып отырады. Қазіргі уақытта 811 құрылғыны сатып алдық. 

Болашақта компания жұмыс барысын жасанды интеллектің көмегімен қадағаламақ. Ол бейнежазбаларды қарап, шахталардағы тәуекелдерді анықтай алды.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы.