Елде қар барысы мекен ететін аумақ картаға түсірілді

Ол үшін мамандар аңдарға GPS орнатылған қарғыбау таққан. Тың жобаны Жетісу облысындағы «Алтынемел» табиғи паркінің  қызметкерлері мен зоология институтының ғалымдары іске асырды. Сөйтіп, жер бетінен жойылуға шақ қалған жыртқыш жайлы толыққанды зерттеу жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».​   

Қар барысына қарғыбау таққандардың бірі – Нұрлан Молдахметов. 20 жылдық тәжірбиесі бар білікті маман ғалымдармен бірлесе ерекше жобаны жүзеге асырды. Жазыққа түскен аңды ұйықтатқан соң ол теңбілін санап, ат қойып құжаттандыру жұмыстарын жүргізген.   

Нұрлан Молдахметов, «Алтынемел» МҰТП жедел топ бастығы:

- Жасын анықтадық. Шамамен 3 жасар. Биіктігі, аяқтарының жуандығы, құйрығы, тісінің жуандығына дейін есептеп өлшедік. Содан бұның оянатын уақыты болған кезде қайтадан доза салып, уколмен «Алтынемел» Ұлттық табиғи паркінің аумағына жібердік. 15 минуттан кейін тұрып, жан-жағына қарап, таудың ішіне қарай өрлеп кетті.

GPS қарғыбау 2 таутан және 1 аталық барысқа тағылды. Мамандар құрылғының көмегімен аңдардың күніне қанша шақырым жүретінін есептеген. Әрі миграциясы мен мекен ететін аумағын анықтап картаға түсірді. Жоба жер бетінен жойылуға шақ қалған жыртқыш жайлы толқыққанды зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.

Марғұлан Мұсабеков, «Алтынемел» МҰТП ғылым бөлімінің бастығы:

-3 қар барысы «Алтынемел» ҰП аумағынан шықпаған. Қазіргі таңда қыстап жатқаны – Жүзасу шатқалы. Шылбыр, тізгін, нақты тауешкінің мекен ететін жерінде тұрақтап қалды. 1 күнде қар барысы 18-21 шақырым аралығында жортып кезеді.

Барыс – жеке жүретін қайратты әрі қырағы аң. Сондықтан адам баласының көзіне көп түсе бермейді. Ұлттық парк қызметкерлері мен ғалымдар ілбістің санын анықтау үшін фототұзақтағы суреттерді пайдаланады. Теңбіліне қарай бір-бірінен ажыратып есептейді.

Қуат Байтұрбаев, «Алтынемел» МҰТП бас директоры:

- Қазіргі уақытта бізде 11 барыс, 4 күшігі бар. Зоология институты зерттеп, санын бізге шығарды. 2800 бас таутекеміз бар. 5600 бас қарақұйрығымыз бар. 3400 бас құланымыз бар. Елігіміз бар. Арқарымыз бар. Осыны біздің инспекция балалары қарап қорғап отыр.

2003 жылы паркке 8 бас Прежевальск жылқысы әкелініп жерсіндірілді. Биыл тағы 60-ын жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Шеңгелді аймағынан этноауыл салып, туризмді дамытуға жағдай жасалмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.