Жетісу облысында су тасқынына дайындық жүріп жатыр

Өйткені ертеңнен бастап аймақта күн жылынып, жауын жаууы мүмкін. «Қазгидромед» мамандарының болжамы осындай.

Салдарынан қар еріп, сел жүруі ықтимал. Қауіптің алдын алу үшін төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарды өз үйі маңындағы арықтардың мұзын ойып, тұрмыстық қалдықтардан тазалауға шақырды. Жиналған суды тоқтаусыз ағызып отыру қажеттігін атап өтті. Қазір өңірдегі таулы аймақтарға тікұшақпен барлау жұмыстары жүргізілді. Былтырмен салыстырғанда қардың 30%-ке қалың түскені анықталды. 113 су жинайтын гидротехникалық құрылғы тексерілді. Жергілікті әкімшілікпен бірлесіп былтыр 3 шақырымнан асатын канал тазаланған. 12 дабыл жүйесі орнатылды. Соған қарамастан облыста бірнеше қауіпті аймақ бар.

Ринат Тазабеков, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Жетісу облысының аумағында 5 ауданның аумағында 7 тасқын жүру қаупі анықталған. Тасқын қаупі учаскелерді күнделікті мониторингтеу мақсатында «Қазселденқорғау» және «Қазгидромедтің» 52 гидропсоттары құрылған. Қауіпті учаскелерді алдын-ала анықтау және сол жердегі қауіптің алдын алу мақсатында ТЖД жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, профилактикалық іс шаралар атқарылып жатыр.