Астанаға газ тартуды жылдамдату тапсырылды

Астанада көбіне жылу электр станциялары жұмыс істеп, жеке секторда пеш жағылатын кезде шаһарды түтін тұмшалайды. 

Осыған орай Президент елордаға газ тарту жұмыстарын да уақытылы аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, бюджеттен қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан қаланы көгілдір отынмен қамту баяу жүріп жатыр. Осының әсерінен экология нашарлап, шаһарды қалың тұман басады. 2019 жылы «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезегі аяқталды. Әкімдіктің ендігі міндеті 300 мыңнан астам адам тұратын тұрғын алабына газ тарту. Қазір тек 8 мың абонент газбен қамтылған.  Президент үйге газ қосу да арзан емес екенін атап өтіп, құзырлы органдарға түйіткілдің түйінін тарқатуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- 2019 жылы «Сарыарқа» магистральді газ құбырының бірінші кезеңі аяқталды. Әкімдіктің міндеті 300 мыңнан астам адам тұратын тұрғын үй алаптарына газ жеткізу. Қазіргі таңда небәрі 8 мыңға жуық абонент газға қосылған. Газбен қамту қарқынының баяу болуы салдарынан экология бүлінеді. Аязды күндері пешпен жылытылатын үйлердің түтіні қаланы басып қалады. Елорданы газбен қамту ісін аяқтау жөнінде бұған дейін бірнеше рет тапсырма бердім. Бірақ оның орындалу мерзімі үнемі кейінге шегеріледі.