Атыраудың іргесінен жаңа қалашық бой көтеріп келеді

Ең бастысы тұрғындар орталыққа жүгірмейді. Өз мектебі, балабақшасы бар. Тіпті инженерлік коммуникациясы да дербес.

Қазір мұнда 24 көпқабатты үйдің құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Жоба аяқталғанда жаңа қалашықта 70 көпқабатты үй бой көтеріп, 1710  отбасы баспаналы болады.

Қыс қаһарына қарамастан құрылыс алаңында жұмыс қарқынды жүруде. Қазірдің өзінде 6 көп қабатты үйдің құрылысы аяқталып, жылу, су, газ жүйелері жүргізіліп жатыр. Жаңа қалашықтың инженерлік коммуникация жүйесіне 3 млрд теңгеден астам қаражат қаралған.

Жеңіс Жұмаділдаев, мердігер мекеменің бас инженері:

- Биылғы жоба бойынша 24 үйге жылу жүйесін тартып қойдық. Үй құрылысы біткенде жылу береміз. Қазір бетон құйып бітірдік енді дәнекерлешілеріске кіріседі. Жұмыста кідіріс жоқ. Материал келіп тұр.

Жобалық құны 40 млрд теңгеден асатын жаңа қала аумағы 6 құрылыс учаскесіне бөлінген. 5 қабатты 24 үй тапсырылған соң, келесі телімге 9 қабатты 90 пәтерлік үйлер түседі.

Бүгінде 9 қабатты 7 үйдің қадасы қағылып, іргетасы дайындалу үстінде. Жалпы, аумағы 94 гектар жерге осындай 70 көп қабатты үй салынатын болады.

Бұл – 900 орындық мектептің құрылысы. Ол биыл шілде айында пайдалануға берілуі тиіс.  Сондай-ақ, 600 балаға арналған балабақша салынады. Жаңа қалашықтың барлық инфрақұрылымы өз алдына дербес болады.

Абылай Ғұмаров, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Осы Талғайраң елдімекені сптуник қалашығында 9,3 шақырымды құрайтын су көтергіш стансасымен қамтылған су жүйесі, 16 шақырымды құрайтын кәріз желісі осы аумаққа арналған. Су, электр, газ және байланыс желілерінің құрылыс монтаждау жұмыстары қазіргі таңда жүргізілуде.

Жаңа қалашықтың құрылысы толық аяқталғанда бірден 2000-ға тарта отбасы баспаналы болады.