Маңғыстау облысында «Жаңа мамандықтар атласы» атты жоба жасалды

Маңғыстау облысында «Жаңа мамандықтар атласы» атты жоба жасалды

Қандай мамандықтарға сұраныс жоғары екенін анықтау үшін еңбек нарығына талдау жүргізілген. Нәтижесінде мұнай-газ, ақпараттық технология, білім, туризм, көлік және логистика салалары көш бастаған.

Соған сәйкес 8-11 сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру басталады. Алдағы уақытта 13 мыңға жуық бала тест тапсырып, сол арқылы өмірлік мамандығына таңдау жасайды.

Айдана Жақсылық 10-сыныпта оқиды. Келешек мұраты - жеке кәсіпкер болу. Ол білім алатын №13 мектеп-гимназияда кәсіптік бағдар бойынша тестілеуге дайындық жүріп жатыр. Айдананың тест сұрақтарына берген жауабы бизнес саласына бейімділігін байқатқан.

Айдана Жақсылық, оқушы:

- Мұндай тестілеу жоғары сынып оқушыларына қажет деп ойлаймын. Келешек қандай мамандықты таңдарын білмей жүрген достарым көп. Жеңіл сұрақтарға жауап беру арқылы өз қабілетінді бағалайсың. Табиғатыма жақын саланы ерте жастан таңдап, соған жетуге күш-жігерімді салатын боламын.

Оқушы арнайы әзірленген сайтқа өтіп, ақпараттық платформада тест тапсырады. Кәсіптік бағдар беруші психолог-педагог тестті ата-анаға да көрсетіп, перзентінің қандай мамандыққа қабілеті басым екендігін айтады. Сол салаға оқуға түсіруге кеңес береді. Ең бастысы, өмірлік мамандық таңдауды баланың өз еркіне қалдыру қажеттігін түсіндіреді. 

Индира Битай, кәсіптік бағдар беруші педагог:

- Біздің мектбімізде 113 оқушы бар 8-сыныпта оқитын. Және соның 101-і, яғни 84 проценті профориентациялық тестілеуден өтіп тұр. Қалғаны болашақта тапсыратын болады. Осы тесттен байқағанымыз, балалардың көбінің қызығушылығы ақпараттық технологияға жақындығы және сол сала бойынша мамандықтарды бізге көбірек көрсетіп тұр.

Гүлмира Мамаева, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл, Есенов университетімен бірлесе жасақталған жоба. Келесі кезеңінде оқу бағдарламасын жасақтап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына енгізіледі. Университет те осы жаңа мамандықтарға факульттер ашады. Сосын соған сәйкес бағдарламаларын жасайды.

«Менің мамандығым - менің мақтанышым» жобасы аясында Маңғыстау өңірінде кешенді жұмыс атқарылды. Еңбек нарығындағы 700-ден аса сала мамандығы зерттеліп, нәтижесінде 3 басым бағыт айқындалған. Бұл туризм, білім және педагогика, мұнай-химия өнеркәсібі. Алдағы уақытта 39 түрлі мамандық бойынша университет-колледж оқытушылары қайта даярлаудан өтеді деп жоспарланған.