Елордада соңғы 3 жылда 203 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелді

Елордада соңғы 3 жылда 203 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелді. Олардың басым бөлігі - паракорлық.

Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында мәлім болды. Кеңес мүшелерінің айтуынша, жергілікті атқарушы орган бармақ басты, көз қысты әрекетпен күресуге атүсті қарайды. Мәселен, әкімдік жанындағы арнайы комиссия 2021 жылы 1 ғана отырыс өткізсе, 2020 жылы бірде-бір жиын болмаған. Жиында латифундистерден жерді қайтару және бей-берекет құрылыс мәселесі де көтерілді. Кеңес төрағасы Ерлан Саиров заңсыз иеленген жерлерді қайтару партия бақылауында болады деді. Қазір Маңғыстау мен Жамбыл облыстарында 300 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Ерлан Саиров, «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы:

- «АМАНАТ» партиясының Қоғамдық алаң ретінде әрбір азаматтың еншісі болып табылатын ұлттық байлықты мемлекетке қайтару басты миссиясы деп білеміз! «Бармақ басты, көз қыстымен» жымқырылған халық ырыздығын қайтару жұмысын жүйелі жүргіземіз. Мәртебелі фамилияға, «бұрынғы еңбегіңізге», қалтаңыздың қалыңдығына қарамаймыз. Халықтың меншігіне қол салдыңыз ба? Қайтарасыз. Алмақтың да салмағы бар және ол ауыр.