Ақтөбе облысында жемқорлардан тәркіленген қаржы мектепке жұмсалды

Ақтөбе облысында жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Бұл оқу орны бюджет қаражаты емес - жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаржыға салынған. Мұндай тәжірибе елде алғаш рет іске асып отыр.

Сөйтіп Мұғалжар ауданына қарасты Құмжарған ауылында заманауи үлгідегі білім ұясы бой көтерді.

Жемқорлардан тәркіленген қаржының көмегімен тұрғызылған мектеп осы. Жаңа білім ұясының құрылысын толық аяқтап, іске қосу үшін «Ақтөбе» ӘКК-ның бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық іс аясында өндірілген 150 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Соның нәтижесінде, қаладағы нысандардан кем емес 60 балаға арналған ғимарат бой көтерді. Мұнда оқу бөлмелерінен өзге, спорт залы, зертхана және ер балалар мен қыздарға арналған шеберханалар бар. Ұстаздарға да жайлы жағдай жасалған.

Есқали Саламатов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының м. а.:

- Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлардан тәркіленген қаражатты мектептер салу жөніндегі тапсырма берген болатын. Мінекей республикамызда ең алғашқы болып, Құмжарған ауылының мектебі аяқталып жатыр. Бұл мектепке 150 млн қаражат бөлінді. Жалпы, былтыр Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен облыстық бюджетке 269 млн теңге қайтарылды.

Бұл мектептің құрылысы 2018 жылы басталған. Бұл мақсатқа сол кезде 290 млн теңге қаралыпты. Алайда, мердігер компания өзіне жүктелген міндетті толық аяқтамай, жұмысты орта жолда тоқтатқан. Содан бергі бес жылда мұнда ешқандай жұмыс атқарылмады. Тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен әкімдіктің бірлесе кеңесуінен кейін жемқор шенеуніктерден өндірілген қаражаттың бір бөлігі осы нысанға бағытталды.

Жаңа мектеп тұрғызылғанша ауыл балалары осы ескі білім ұясында оқыды. Бұл Құмжарғанда ашылған ең алғашқы білім беру мекемесі. Нысан 1979 жылы саман кірпіштен тұрғызылған. Алайда осыдан 6 жыл бұрын апатты жағдайда деп танылды. Сыртқы қабарғалары жарылып, ішіндегі спорт залының төбесі құлапты))

Бұл ауылда шамамен 100-ге жуық үй бар. Ал бала саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Қазірдің өзінде 53 бала білім алып жүргенімен, келер оқу жылында мектепке баратын жеткінштер жетерлік.

Таңатар Жанұзақ, Құмжарған ауылының тұрғыны:

- Әрине қорықтық енді ашылмай қала ма,  осылай салынып жабылып қала ма деп. Кеш те болса қуаныштымыз әйтеуір ашылғанына. Ауыл көркейіп жатыр.

Жемқорлардан тәркіленген қаражатты игі іске бағыттау енді тиісті органдар атқаратын басты міндеттердің қатарында болмақ. Тек биылғы қаңтарда өңір бойынша сыбайлас жемқорлықпен байланысты 13 іс қозғалған. Оның көбі парақорлық бабы бойынша жүргізілуде.