Астаналық ғалым жылыжайдағы өнімділікті арттыратын әдіс ойлап тапты

Отандық ғалымдар біркелкі сәуле шашатын шамдар шығара бастады. Мұндай шамдар бау-бақша үшін тиімді болып отыр. Астаналық ғалымның өнертабысына шетелдіктер қызығушылық таныта бастаған. Ол жарықтандыру құралдары арқылы жылыжайдағы көкөністердің өнімділігін арттыра түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Жылыжайдағы бұл электр үнемдегіш шамдардың жарығы күн сәулесімен пара-пар. Оны жасап шыққан ғалым көк шалғынға біркелкі сәуле беретінін айтады. Жарықтандырғыш табиғи сәуле аз кезде ғана қосылады. 

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Отандық ғалымдар ойлап тапқан жарық шамдар жылыжайдағы көкөніс өнімділігін екі есе арттырады. Дәстүрлі жылыжайдан өзгешелігі де сол. Сондықтан мұнда күнара өнім жиналады.

Жоба авторы филаментті шамдарға шетелдік ғалымдар қызығып отырғанын айтады. Себебі өндіріске енгізілген инновациялық жоба, толайым табыс әкеліп отыр. Әрі дәл осы өсімдікке қажетті жарық автоматты түрде реттеледі.

Аманкелді Таукенов, жоба авторы:

- Өткенде жылыжайға Сауд Арабиясынан өкілдер келіп шамдардың ерекшелігін көрді. Бізді елдеріне тәжірибемен бөлісуге шақырып отыр.  Филаментті шамдар жанып тұрса, кез келген жылыжайдағы өнімділік ұлғаяды. Мұнда қазір қиярдың 2-3 түрі, қызанақтың 4 түрі өсіріледі. Көкшалғын мен құлпынай өсіре бастадық.

Қыста Астанадан жидекті қайдан табам дерсіз?! Бірақ жарықтандырғыштың әсерінен мұнда тіпті құлпынай да «құлпырып» өсе бастаған.

Айбол Рамазан, бас агроном:

- Жылыжайымыздың ерекшілігі, бұл дәстүрлі жылыжайлардан айырмашылығы десек болады және артықшылығы бізде LED шамдарын қолданамыз, бұлардың ерекшелігі электр үнемдегіш келеді, екіншісі спектр жағынан күн сәулесіне барынша жақын, барлық спекторы бар, өсімдікке қажетті спекторлар толық қамтамасыз етілген.  

Ал ғалымдардың бұл еңбегі елеусіз қалмады. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, ғылымды коммерцияландыру сатысынан сәтті өтті. Жалпы бұл ғана емес, жыл сайын осындай жобаларды жүзеге асыру мақсатында арнайы байқау өтеді. Тыңнан түрен салған ғалымдарға «Ғылым қоры» тарапынан гранттық көмек ұсынылады.

Әнуар Керімбаев, «Ғылым қоры» АҚ технологияларды коммерцияландыру департаментінің менеджері:

- Филаменттік шамдар өндіру жағынан да, жылыжай өнімдерін сату есебінен де толық коммерцияландыруға шықты. Қор ғалымдардың өнертабыстарын қолодауға әрдайым дайын. Мәселен, былтыр отандық өнертапқыштар арасынан 72 жоба жеңіп грантқа ие болды.

Өндіріс үшін тиімді әрі пайдалы жоба қазір игілігін көрсетіп отыр. Көлемі 13 мың шаршы метр жылыжайда өсірілген көкөністер Астананы қысы-жазы қамтамасыз етіп отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Сағыныш Рахым, Руслан Әлиев.