Петропавлда көп қабатты үйлерде газ баллонын пайдаланып отырғандар бар

Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметінің мамандары пәтерлерді тексеріп, халық арасында арнайы түсіндіру жүмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 қабаттан тұратын мына жатақхана орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған. Сондықтан халықтың басым бөлігі электр плитасын пайдаланады. Десек те заңды елемейтіндер де бар болып шықты.  

Любовь Зенинаның жатақханада тұрып жатқанына 40 жылға жуықтаған. Өзі  – мүлік иелері бірлестігінің төрағасы. Сондықтан әркез тәртіп болғанын қалайды.

Любовь Зенина, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Жасыратыны жоқ, кейбір көршілерім газ баллонды пайдаланып отыр. Бұл өте қауіпті екенін жақсы біледі. Сондықтан оларды да қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануға шақырамын.   

2 қабаттан жоғары үйлерде газ балонын пайдалануға тыйым салынған. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандарымен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы облыс орталығында қазір орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған 23 үй бар.

Назымбек Елемесов, қалалық ТЖБ бастығы:

- Жыл басынан бері Петропавл қаласында 12 өрт оқиғасы тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырсақ, өкінішке қарай, олардың саны артып отыр. Сондықтан төтенше жағдайларды алдын алу үшін осындай рейд ұйымдастырып отырмыз.   

Айта кету қажет, газ балонын заңсыз пайдаланып отырған пәтер иесіне 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.