Маникюр жасау зиян ба?

Қазір сән салонына жиі барып, түрлі процедура жасайтындар көп. Әсіресе гельді маникюр жасайтын қыз-келіншектердің саны күн санап артып келеді. Алайда оны арнайы шамның астында кептіру әдісі тырнақтарға зиян болуы мүмкін. Калифорния университетінің ғалымдары шамнан бөлінетін ультракүлгін тері ДНҚ-сын өзгертіп жібереді деген тұжырымға келіпті. Ал мұндай өзгеріс қатерлі ісікте байқалады екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гельді маникюр аллергияға немесе дерматитке әкеліп соғуы мүмкін. Алайда қандай да бір дертке шалдығу адамның генетикасы мен иммунитетіне байланысты. Бұл тұрғыда тырнақ бояйтын маманның кәсіби шеберлігі мен аспаптарының тазалығы өте маңызды. Егер шебер өз ісіне салғырт қараса, әдемі жасалған маникюрдің соңы түрлі инфекциялық аруларға әкеліп соғуы ықтимал. Бірақ еліміздегі сұлулыққа жаны құмар қыздар бұл процедурадан бірден бас тартуға дайын емес.

Лейла Қаймулдинова, қала тұрғыны:

- Мен маникюр мен педикюрді 8 жыл бойы айына 1 рет жасап тұрамын. Мүмкін ультракүлгінді кептіргіш шамы ағзаға теріс әсерін беретін шығар. Алайда өзім бұл процедуралардан ешқандай ауруға шалдыққан жоқпын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Негізі жылына 1 рет тырнақтарым демалсын деп, үзіліс жасап тұрамын.

Маникюр маманы Эльмира Диярова тырнақ күтіміне көңіл бөлген дұрыс, бірақ маңыздысы – қолданылатын препараттардың химиялық құрамын білу, - дейді.

Эльмира Диярова, маникюр маманы:

- Ультракүлгінді кептіргіш шамының кесірі денсаулыққа тиеді деп айта алмаймын. Бірақ соңғы 2 жылдан бері байқағаным, шеберлер қолданатын материалдан шамның астындағы тырнақтарды аздап күйік шалады. Бұл ултракүлгінді кептіргіштің өзінен емес, дәл осы химиялық материалдан деп ойлаймын.

Тырнақты кептіргіш арнайы шамдар 50 градусқа дейін қызады. Әдетте кептіру уақыты 10-нан 60 секундқа дейін уақытты алады. Мамандардың  айтуынша, бұл құрылғы тырнақ пластиналарының әлсіреуіне әсер етеді екен.

Дина Төлеуова, Онкология және радиология институтының хирург-онкологы:

- Соңғы кездері қыз-келіншектер тырнақ ауруларына қатысты шағымдарымен бізге келіп жатыр. Мәселен, олар тырнақ пластиналарының жұқаруы, деформация, гиперпигментация секілді ауруларға шалдығып жатады. Жалпы біз жыл сайын қол терісінің қатерлі ісігі диагнозы бойынша кем дегенде 8 науқасқа ота жасаймыз. Бірақ мұны ультракүлгін сәулесінің салдарынан деп нақты айта алмаймыз.

Білек немесе саусақтардың қатерлі ісігі диагнозы көбіне 60 жастан асқан адамдарға қойылады. Мәселен, Алматы қаласында орналасқан онкология орталығы ультракүлгін шамын тұтыну салдарынан қатерлі ісікке шалдығу жағдайын мүлде тіркемеген. Бірақ ацетон препаратынан аллергия туындау – жиі кездесетін құбылыс, - дейді аллерголог-иммунолог Рафаил Розенсон.

Рафаил Розенсон, аллерголог-иммунолог:

-Ультракүлгінді кептіргіш шамынан қорқудың қажеті жоқ. Мұндағы ДНҚ-ның өзгеруі, никтотин тұтынғандағы өзгеруге қарағанда қауіпсіз болып келеді. Сондықтан алаңдауға себеп жоқ.

Онкологтардың айтуынша, елімізде гельді маникюр жасап, ультракүлгінді кептіргіш шамын қолданғандар арасында түрлі инфекцияға шалдыққандар бар. Алайда қатерлі ісік диагнозымен ешкім тіркелмеген. Дегенмен мамандар бұл процедураны жасауда абай болуға кеңес береді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Сания Көпжасарова,Руслан Әлиев, Наурызбай Құрманғазы.