Павлодарда кәсіпкер құқығы қорғалды

Былтыр Павлодардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне 10 мың адам шағым түсірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбі кәсіпкерлікті дамытуға кедергі бар екенін айтқан. Мысалы, Ақсу қаласының тұрғыны Елена Курочкина 3 жыл бұрын дүкен ашқан. Алайда сауда үйінің айналасын қыста қар басып, жазда жаңбыр суы жиналады екен. Салдарынан тұтынушылар дүкенге кіре алмай, әбігерге түскен. Мәселе оң шешімін тапты. Жергілікті билік нысанның маңайын абаттандыратын болды. Одан бөлек, бизнес субъектілері шоғырланған өндірістік аймақта аялдаманың жоқтығы да кәсіпкерлеге кедергі болған. Бизнес өкілдерінің шағымы назарға алынып, жақында жаңа аялдамалар салынатын болды.

Айта кетейік, өндірістік аймақта 300-ден астам адам еңбек етеді.  

Бейбіт Азаматов, Ақсу қалалық ТКШ бөлім басшысы:

- Кәсіпкер Курочкинадан бизнес объектісіне кіретін жол жоқ деген шағым түскен екен. Өз тарапымыздан арнайы техника әкеліп, қарын тазалап жатырмыз. Жоспар бойынша биыл осы көшеге жөндеу жүргізіледі. Тек су құбыры ауыстырылғаннан кейін ғана абаттандыруды қолға аламыз.

Дархан Құрақбаев, ПО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің жетекшісі:

- Біз әрбір шағым бойынша жұмыс істейміз. Сараптама жүргіземіз. Жүйелі түрде жалғасатын мәселелер бизнестің  дамуын тежейді. Кәсіпкерлердің жылдар бойы қалыптасқан мәселелері қысқа мерзімде шешіліп жатыр. Оған нақты дәлелдер келтіруге болады