Ақтауда бизнестің дамуына кедергі келтіргендер анықталды

Ақтауда бір топ кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

25 адам «Ақбота» демалыс саябағында ойыншық машиналарды жалға беріп, балмұздақ сатумен айналысқан. Олар балаларға арналған көліктердің қуаттағыш құралын, тоңазытқыштарды сол жердегі электр жүйесіне мемлекеттік мекеменің рұқсатымен қосып отырған. Өткен жылдың соңында қала билігі токты пайдалануға тыйым салып, саудалары тоқтап қалады. Табыс көзінен айырылған азаматтар уәкілетті орынға арыз түсірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлерінің араласуымен мәселе шешілді.

Айта кетсек, орталық саябақ былтыр мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір шаһар әкімдігі соңғы жылдары күйі тайған демалыс орнын абаттандырып, көркейту үшін инвесторлар іздеп жатыр.  

Меруерт Сәрсенбаева, кәсіпкер:

- «Ақбота» паркін бір инвестор алған кезде токты айырып тастайды. Келісімшарты біткеннен кейін. Әкімдікке барған, тек 2 айға ғана рұқсат берді. Одан кейін бізде 20 күндей ток болмай, саудамыз жүрмей қалды. Заңға қайшы болғанан кейін ұрлай алмадық. Құдайға шүкір, қазір жарық жанып тұр. Жұмысымыз жүріп жатыр. 

Қайрат Бәйгебаев, ҚР СЖҚІҚА облыстық департаментінің басқарма басшысы:

- Әкімшілік кедергілер бойынша шағым білдірген болатын. Дер кезінде жұмыс тобы жиналып, әкімдік қызметкерлерімен бірге тұрақты инвестор келгенге дейін токты тұрақты қосып беру үшін мәселе оң шешімін тапты. Екінші мәселе – «Ақбота» паркін көркейту. Әр кәсіпкер өзіне белгілі бір уақытқа алып, құжаттарын заңдастыру бойынша тілектерін білдірді. Осы ретте де қала әкімдігіне нақты ұсыныстар жолданды.